Рухани жаңғыру

"Стратегия" пікірталас алаңы: Д. Мыңбай мен Б.Әбдіғалидың рухани жаңғыру туралы рухты сұхбат (ТОЛЫҚ ВИДЕОНҰСҚА)

Астана қаласы 07 Қыркүйек, 18:12

«100 жаңа есім»  жобасына  2 мыңнан астам өтінім келіп түсті, деді «Стратегия» пікірталас клубында  ««Рухани Жаңғыру» бағдарламасының саяси идеологиялық маңызы» тақырыбында өткен  отырыста   ҚХА төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай.

«100 жаңа есім»  жобасына енетін  тұлғалар белгілі талаптар бойынша іріктелді. «Рухани жаңғырудағы» жобалардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Біздің халқымыз бір. Біз мемлекетке үлес қосып жатқан азаматтардың барлығын алып жатырмыз.  «100 жаңа есім» жобасына келетін болсақ, халықтың алдында қызығушылық туғызған бірқатар  жобалар бар. Бірақ, оларды бөліп-жарып қарауға болмайды. Оларды кешенді түрде қарауымыз керек. «Туған жер», «Қасиетті Қазақстан», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақстанның мәдениеті» латын әліпбиіне көшу  жобалары бір-бірінен ажырамсыз, барлығы санамызға әсер етеді. Қандай өлшемдер бар десеңіз? Оның алдымен  тұжырымдамасы дайындалды, сарапшылардың топтары құрылды. Оның қалыптасуына  1300-ден астам этномәдени бірлістіктер, 3 мыңға жуық қоғамдық кеңес, облыс,  аудан, ауылдардағы ұйымдар атсалысты. Себебі, Елбасы Ассамблеяның  25-ші сессиясында  «100 жаңа есім» жобасына ҚХА-ның тікелей қатысы бар екенін айтқан болатын. Себебі, Тәуелсіздікті дамытуға  үлес қосып жатқан азаматтар көп. Көп бөлігі еленбей де қалады», - деді Д.Мыңбай.

 Осы орайда ҚХА төрағасының орынбасары Астроном Ұлықбектің «Аспандағы жұлдызды танығаннан, жердегі адамды тану қиын» деген сөзін тілге тиек етті.

«Қазіргі таңда 2 мыңнан астам өтінім келіп түсті. 460-ы Ассамблея тарапынан келсе,  900-ден астам өтінімде  тек өмірбаян ғана емес, тұлғаның  адамгершілік қасиеттері, қоғамға пайдасы, қоғамдағы   мәртебесі туралы жазылған. Осы сынды  өтінімдер толассыз келіп жатыр. Сарапшылар комиссиясы қаралған соң, халық талқылайды. Себебі, онда белгілі, танымал адамдар бар. Олардың да еңбегін атау керек. Ал, жетістіктері толағай, Тәуелсіздікке үлес қосқан азаматтарды қалт жібермеуіміз керек»,- деді ҚХА төрағасы.  

Сондай-ақ,  Д.Мыңбай  «100 жаңа есім» әлеуметтік  жобасы  el.kz  ақпараттық порталы негізінде жүзеге асқанын айтты.

«Бұл демократиялы, ыңғайлы, заманауи әдіс болып отыр.   Жас ерекшелігіне шектау бар,  50 жасқа дейін деп алдық. Егер бір адамның тұлғалық қасиетін, жетістіктерін, елдің дамуына қосқан үлесін білетін  адамдар сол туралы кеңінен жазып тапсыра алады.  Алайда, ерекше жағдайлар да кездеседі. Жас шағында үлкен жетістікке жеткендер де бар. Сарапшылық комиссия бұл жағдайларды түбегейлі қарайды», - деді Д.Мыңбай.

Сондай-ақ, Дархан Мыңбай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халық арасында оң пікірге ие болғанын айтты.

« «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты Елбасының мақаласынан кейін қоғамда жақсы пікірлер айтылды. Бұл қоғамның күн тәртібінде тұрған мәселелерінен шығып  отыр.  Бұның барлығы бір-бірімен  байланысып жатыр. Экономикалық жаңғыру, рухани жаңғыру барлығы бір-бірімен сабақтас. Жақында  Көкшетауда берген сұхбатында Елбасы аталмыш мақаласы туралы  елдің көңілінен шыққан ой толғамым еді деп айтқан болатын. Себебі, бұл құжат тек қазақстандықтардың ғана емес, шетел азаматтарының да қызығушылығын туғызды. Өйткені, қай ел болмасын қоғамның санасы өзгермей еш бастама  алға баспайтынын біледі», - деді Д.Мыңбай.

Д.Мыңбайдың айтуынша,  рухани жаңғыру барлық салаға қажет. Мақалада осы туралы егжей-тегжейлі қозғалған. Әсіресе, білімнің салтанат  құруы кеңінен жазылған. Себебі, білімсіз жетістікке жету екіталай.

« Прагматизм, өзгеден үйрену де тілге тиек етілген. Әр заманның өз талаптары болатын болса, біз әркез соған дайын болуымыз керек. Соған  сай білім алуымыз керек, еңбектенуіміз керек. Дамыған  30 елдің қатарына  енуге біз   тек қағаз жүзінде емес,  іс жүзінде  келуіміз керек. Яғни, осындай қасиеттерді бойымызға сіңіруіміз керек. Бұны идеологиялық бастама  деп те айтуға болады. Себебі, бұл бүгін басталып, ертең аяқтала салатын науқандық  шара емес. Ұзақ мерзімге созылған құжат. «Әр заманның  өзінің ғалымы бар, әр заманның өзінің құралы бар» деген имани сөз бар. Меніңше,  бұл  әр заманның талабына біздің замандастырымыздың лайықты жауабы. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы   жобаларын жүзеге асыруда өзімізді көрсетуге мол мүмкіндік ашып отыр», - деді ҚХА төрағасының  орынбасары.

Сондай-ақ, Д.Мыңбай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қасиетті Қазақстан» жобасына тоқтап өтті.

 ««Қасиетті Қазақстан»  жобасы  ескерткіштер туралы  ғана емес. Ескерткіштер мен киелі жерлер туралы әрбір ақпаратты адамдардың жүрегіне жеткізу.  Яғни, санаға жеткізу. Осыны пайдаланып, барлығына ескерткіштерді  ашу мақсаты қойылып отырған жоқ. Әлкей Марғұланның киелі  жерлерді анықтап  жазғаны туралы бар. Мысалы,  сол сияқты материалдарды қайтадан көтеріп, жаңғырту қажет», - деді ҚХА төрағасының орынбасары. 

Сондай-ақ, Д.Мыңбай  жергілікті жерлердегі киелі орындар туралы ақпарат жинау үшін жоғарыдан тапсырма күтудің қажет еместігін айтты.

«Жақында Кенесарының үңгіріне барған болатынбыз, ақпар қысқаша ғана жазылған,   ешқандай қосымша, толықтырылған  ақпарат жоқ. Оның барлығын жергілікті жердегілер тапсырманы күтіп отырмай,  өздері ізденіп,  тізімге алып, жүйелеуі керек. Бұл жерде, ғалымдар мен журналистерге, зиялы қауымға жұмыс табылып отыр», - деді Д.Мыңбай.

Дәулетхан ЖИЕНҚҰЛОВ 





Яндекс.Метрика