Рухани жаңғыру

Қасиетті Қазақстан жобасы ескерткіштерге емес, рухани құндылықтарға арналған кешенді жоба – Б.Әбдіғали

Қасиетті Қазақстан жобасының ерекшелігі ол ескерткіштерге арналған жоба емес, ол рухани құндылықтарға байланысты кешенді жоба. Бұл туралы «Астана радиосы» мен «Қазақ радиосы» эфирінде «Стратегия» пікірталас клубының «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының саяси идеологиялық маңызды мәселелеріне арналған кезекті кездесуінде «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали хабарлады.
Астана қаласы25 Тамыз , 17:15

«Қасиетті Қазақстан жобасының ерекшелігі ол ескерткіштерге арналған жоба емес, ол рухани құндылықтарға байланысты кешенді жоба. Оның өзектілігі, қоғамымызда рухани салада жұтаңдық байқалады, біздің дәстүрімізге сырттан жат дүниелер ене бастады. Бұғанасы қатпаған қазақ қоғамы, әсіресе жастар, тіпті үлкендері шет елге еліктеп кетті. Діни экстремизм, өз-өзіне қол жұмсау  белең алуда. Өз баласын лақтырып тастап кету деген де көбейіп барады. Алғашқыда осындай дүниелерді естігенде таң қалатынбыз, ал бүгінде мұндай жағдайлардың жиілеп кетуінен етімізде үйреніп барады. Бұл да үлкен сигнал. Оған бүкіл қоғам болып, ата-аналар, психологтар атсалысуы керек. Бұл ішкі дағдарысты, рухани жұтаңдануды білдіреді», - деді сөз басында «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали.

Осы ретте, спикер «Нұр Отан» партиясының жақында ғана жасаған зертеуінің нәтижесімен бөлісті.

«Жақында ғана «Нұр отан» партиясы адам үшін алғашқы он басымдылыққа байланысты зерттеу жүргізді. Сауалнаманың нәтижесі бойынша алғашқы он басымдылықтың  бастапқы алғашқы бесеуі жеке басының қажеттіліктеріне, алтыншы, жетіншісі әділдік болса, сегіз, тоғызыншысы, оныншысы патриотизмге байланысты болған. Яғни, халық бірінші өзінің жеке қажеттіліктерін ойлайды.  Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары экономикалық құндылықтарға басымдылық берілді, бұл соның нәтижесі.  Бүгінде  адамның бар арманы үй салу немесе баю»,  - деп толықтырды спикер.

Сонымен қатар, ол жобаның өзектілігіне тоқталды.

«Оның өзектілігі ол кешенді жоба, ол жай ғана ескерткіштерді айшықтау ғана емес, ол ауылға барып рухани азық алуды көздейді. Ол мәдениетті дамыту емес, бұл адамды дамыту болып табылады. Жалпы адамдар қасиетті жерлерді бұрыннан анықтап қойған, қазір біз соларды тек түгендеудеміз. Бұл біріншісі, екіншіден  ғылыми тұрғыда ғалымдар тарихпен тығыз байланысты ескерткіштерді насихаттамақшы. Мәселен таңбалы тас, ол біздің тәуелсіздігіміздің, тарихымыздың нышаны. Үшіншіден ол мемлекетіміздің тарихындағы елеулі тарихи оқиғаларға байланысты жерлерді,  ескерткіштерді насихаттау, қалпына келтіру болып табылады», - деп түйіндеді Берік Әбдіғали.




Яндекс.Метрика