Өңірлер

Ақмолалық құрылыс кәсіпорындары өндірісті кеңейтуде

Ақмола облысының құрылыс индустриясы кәсіпорындары өндірісті кеңейтуде. Бұл туралы Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Александр Загребин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Ақмола 25 Тамыз, 18:12

«Бүгінгі таңда құрылыс саласы айтарлықтай көтерілген, бұл мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асырумен, жаңа өнеркәсіптік және әлеуметтік объектілерді салумен, халық тұрмысының жақсаруымен байланысты. Құрылыс жаңа, жоғары технологиялық материалдар өндірісін дамыту локомотивіне айналды. Мұндай материалдарды пайдалану құрылыс шығындарын қысқарта отыра, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге, ғимараттардың энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Александр Загребин.

Өңірде құрылыс материалдары да (кірпіш, темір-бетон құрылымдары), баламалы материалдар да (жеңіл бетоннан блоктар) шығарылады. 

«ENKI» ЖШС директоры Мырзабай Әбдіқалықов 2017 жылы кірпіш зауыты 46 млн дана кірпіш шығаруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Осы ретте зауытты пайдалануға енгізу басында 298 млн дана кірпіш шығарылып, оның 295 млн-ы өткізілген. 

«Зауыт толық автоматтандырылған және Қазақстанда кірпіштің 40-тан астам түрін шығаратын жалғыз зауыт болып табылады. Жақын арада компания анағұрлым ашық түсті кірпіштерді шығаратын болады», - деп қосты ол.

«Ерназаров және К» ЖШС директоры Әділхан Ерназаров қабырға материалдары өндірісіндегі жаңа бағыт туралы айтып берді. Оның компаниясы арболит блоктар шығарады. Мұндай материал тас пен ағаш қасиеттерін біріктіреді. Арболит жоғары жылу оқшаулауыш көрсеткішке ие және жанатын материал болып табылмайды.

«Біз арболит блоктарды өңірлерге теміржол және автомобиль көлігі арқылы кез келген көлемде жеткізе аламыз. Алайда, бүгінгі таңда біз өзіміздің өндірістік қуаттылығымызға сүйене отыра, сегіз сағаттық жұмыс ауысымында тек 15 текше метр ғана шығарамыз. Астана қаласында арболит блоктарын шығару зауытының құрылысы жылына 15 000 текше метр шығаруға мүмкіндік береді. Бұл кезеңде зауыт құрылысы инвестициялық жобалау кезеңінде», - деп ақпараттандырды Ә. Ерназаров. 





Яндекс.Метрика