Үкімет

Көлік инфрақұрылымы: «Нұрлы жол» аясындағы маңызды жобалар (ШОЛУ)

Ағымдағы жылы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 4,4 мың км болатын 22 автожол жобаларын жүзеге асыру қарастырылған. Жобаларды жүзеге асыруға 356 млрд теңге бөлінген. Бүгінде басты мемлекеттік бағдарлама аясында көліктік-логистикалық инфрақұрылымды жасақтау қандай деңгейде екені туралы Strategy2050.kz АА-ның шолуынан оқыңыздар.
Астана қаласы10 Тамыз , 18:11

Республикалық маңыздағы автожолдардың құрылысы қалай жүруде

«Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ», - деді Мемлекет басшысы өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» халыққа Жолдауында.

Президент атап өткендей, көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистаралды автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен  шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай – Батыс Еуропа; Астана – Алматы; Астана – Өскемен; Астана – Ақтөбе – Атырау; Алматы – Өскемен; Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда; Атырау – Астрахань.

Жалпы, бүгінде республикалық маңыздағы автожолдар мен халықаралық магистарлдардың құрылысы белсенді жүргізілуде.

ҚР ИДМ мәліметі бойынша, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру басталғалы 2015-2016 жылдар аралығында республикалық маңыздағы 2000 км автомобиль жолы құрылыс және қайта қалпына келтіру жұмыстарымен қамтылды, бүгінде оның бірінші және екінші техникалық санат параметрі бойынша пайдаланылуға берілді. «Орталық-Оңтүстік» жобасы бойынша өткен жылы жалпы ұзындығы 275 км Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай учаскелерінде қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, ал ұзындығы 14 км Теміртау – Қарағанды учаскесінде жұмыстар жалғасуда, келер жылы аяқталады деп көзделген.

Бұдан басқа, Күрті-Бурылбайтал учаскесін қайта қалпына келтіру (228 км) жобасы басталды, оны Дүниежүзілік және Еуропалық банк қаржыландырады.

Сонымен қатар, бюджет қаржысы есебінен ағымдағы жылы Қарағанды қаласының солтүстік-шығыс кіреберісін қайта қалпына келтіру көзделген.

«2018 жылдан бастап Балқаш – Бурылбайтал (297 км) учаскесін Дүниежүзілік банк есебінен және ұзындығы 67 км Күрті-Қапшағай учаскесін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады, ал Қарағанды – Балқаш учаскесі 2019 жылға жоспарланған. Өз кезегінде, «Орталық-Шығыс» жобасы бойынша 230 км жол пайдаланылуға беріліп қойған, ағымдағы жылы жобаға 106 млрд теңге бөлінді, 675 км жол жұмыспен қамтылған және жылдың қорытындысы бойынша Астана-Павлодар учаскесіндегі 200 км астам жол төрт жолақты қозғалыспен қамтылады», - делінген ҚР ИДМ хабарламасында.

Бұдан басқа, ұзындығы 36 км – соңғы Семей – Қалбатау учаскесіндегі жұмыстар аяқталады. «Орталық-Шығыс» жобасын аяқтау 2018 жылға жоспарланған.

«Орталық – Батыс» жобасы бойынша Астана-Қостанай автожолы және Ақтөбе – Қаработа – Денисовка учаскесі толығымен қайта қалпына келтірілді. 2020 жылға дейін ұзындығы 114 км  Денисовка – Қостанай учаскесі екінші техникалық санат бойынша қайта қалпына келтіріледі.

Жалпы, ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 4 мың 400 км болатын 22 автожол жобасын жүзеге асыру көзделген.

Сондай-ақ, инвестициялар мен даму министрі Жеңис Қасымбек жақында ғана өткен Үкімет отырысында (25 шілде 2017 жыл) атап өткендей,  ведомство 2 мың шақырымға созылған автожол жобаларын жүзеге асыруға кірісті.

«Біз  жаңа жобаларды жүзеге асыруға кірістік.  Бұдан бөлек, ұзақтығы 2 мың шақырым болатын Жетібай-Жаңаөзен, Талдықорған-Өскемен, Меркі-Бурылбайтал, Қалбатау-Майқапшағай, Үшарал-Достық, Бейнеу-Ақжігіт, Таскескен-Бақты, Осиновски асуы, Щучинск-Зеренді жаңа жобалары жүзеге асырылатын болады», - деді Ж.Қасымбек.  

Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавл-РФ шекарасы және Орал-Каменка өтпелі жобаларындағы жұмыстар жалғасады.

«Бірінші жартыжылдықта іске асырылып жатқан жобалар бойынша 112 млрд. теңге игерілді және бұл жобаларға 80 мың адам жұмылдырылды», - деді ол,

Жыл соңында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 1 және 2 техникалық санат бойынша 600 шақырым жолды аяқтау жоспарлануда.

«Сондай-ақ, Бейнеу-Ақтау және Алматы-Талдықорған автожолын реконструкциялау жұмыстары толық аяқталатын болады», - деді министр.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының негізгі басым міндеттерінің бірі республикалық маңыздағы автожолдарға ақылы жүйе енгізу болып табылады. Барлығы 6,5 мың шақырым автожолды ақылы ету жоспарлануда.

«Биыл біз Астана-Теміртау (132 км) және Алматы-Қапшағай (42 км) автожолдарында ақы алу жүйесін монтаждау жұмыстарына кірістік. Ал, екінші жартыжылдықта Алматы-Қорғас (295 км) автожолындағы ақылы жүйені монтаждау жұмысы басталады. Жыл соңына қарай аталмыш учаскелерде ақылы жүйе толық енгізілетін болады. Айта кетерлік жайт, жыл соңына дейін 5,5 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгізу жобаларын әзірлеуді аяқтау жоспарланып отыр», - делінген ведомствоның хабарламасында.

 

Теміржол жолдары

Бүгін ҚР Үкіметінде өткен 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы баспасөз конференциясында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр «Алматы-Шу» учаскесінің екінші жолдарының құрылысы қалай жүріп жатқанын айтып берді.

«Алматы-Шу» учаскесінің жалпы ұзындығы 300 км астам. Бізге ұзындығы 111 км құрайтын екінші жолдарды салу жұмысын орындау қажет. Егер өткен жылғы желтоқсанда 52 км аяқталса, биыл ұзындығы 59 км болатын екінші жолдардың құрылысы аяқталмақ. Бұл өткізу қабілетін екі есе ұлғайтады, сонымен қатар, бұл жерде жүрдек поездар санының ұлғаюы сияқты факторды да атап өткен жөн.  Ал, екінші жолдар жолаушылар қозғалысының анағұрлым жоғары сапасын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Биыл желтоқсанда ағымдағы жұмыстардың барлығы аяқталады және бұл учаске Алматыдан Шуға дейін жұмыс істейтін болады. Айта кетейік, «Алматы-Шу» учаскесіндегі екінші жолдардың құрылысы бойынша жоба осы учаскенің өткізу қабілетін арттырып қана қоймай, "Қытай-Еуропа" бағытындағы транзиттік жүк әлеуетін ұлғайтуға да ықпал етеді», - деді вице министр.  

 

Халықаралық талаптарға сай вокзалдар мен терминалдар

Жақында ғана, ағымдағы жылдың 31 мамырында Астанада жаңа теміржол вакзалы пайдаланылуға берілді.

Жаңа вокзалдың өткізу мүмкіндігі тәулігіне 35 мың жолаушыға дейін жетеді. Ал, бұрынғы вокзалдың өткізу мүмкіндігін қоса есептегенде 47 мың жолаушығы дейін қамтиды. Яғни, Астанадағы жолаушылар ағынын, әсіресе халықаралық көрме өтіп жатқан кезеңде де толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

Бүгінде мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жаңа астаналық «Нұрлы жол» темір жол вокзалы пайдалануға берілген кезден бастап шамамен 305 мың жолаушыға қызмет көрсетті.

«Биыл маусым айының басынан бері Астана қаласы әуежайының жаңа терминалы 19 шетелдік әуе тасымалдаушының халықаралық рейстеріне қызмет көрсетті («LOT Polish Airlines», «WizzAir», «FinnAir», «Air China», «Lufthansa», «Air Arabia» және т.б.). Сондай-ақ, Делиге, Варшаваға, Хельсинкіге, Будапешке, Бейжіңге, Ереванға, Киевке, Минералды Суларға, Батумиге жаңа рейстер ашылды», - деді Ж.Қасымбек.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек әуе жолаушылар санының айтарлықтай өскенін атап өтті.

«Биыл (бірінші жартыжылдықта) астаналық әуежайдағы жолаушылар ағынының өсімі 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19%-ды немесе 1,8 млн. жолаушыны құрады. Жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілген күннен бастап халықаралық рейстердің 227 мың жолаушысына қызмет көрсетті»,-деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек.

Ағымдағы жылдың желтоқсан айында екінші жолды іске қосып, учаскедегі өткізу мүмкіндігін 70-тен 130 млн. тонна жүкке дейін, яғни, екі есеге арттыру жоспарлануда.

Сонымен, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жүк тасымалын жетелдетуге, шығынды азайтуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және Қазақстанның тасымалдау әлеуетін толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ақбота Күзекбай

Фото ашық дерек көздерден 




Яндекс.Метрика