«Нұрлы жол» – Қазақстанның даму жолы

«Нұрлы жол»: Республикалық маңыздағы 1300 км автожол пайдаланылуға берілді (ВИДЕО)

«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру басталғалы 2015-2016 жылдар аралығында республикалық маңыздағы 2000 км автомобиль жолы құрылыс және қайта қалпына келтіру жұмыстарымен қамтылды, бүгінде оның бірінші және екінші техникалық санат параметрі бойынша пайдаланылуға берілді. Бұл туралы ҚР инвестициялар мен даму бірінші вице-министрі Роман Скляр Үкіметтегі баспасөз конференциясында хабарлады.
Астана қаласы 10 Тамыз, 11:47

«Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі бағыты Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы басты көлік логистикалық хабы болуы үшін және жергілікті жұрттың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін кең масштабтағы көлік инфрақұрылымы болып табылады. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру басталғалы 2015-2016 жылдар аралығында республикалық маңыздағы 2000 км автомобиль жолы құрылыс және қайта қалпына келтіру жұмыстарымен қамтылды, бүгінде оның бірінші және екінші техникалық санат параметрі бойынша пайдаланылуға берілді», - деді Роман Скляр.

Атап айтқанда, бірінші вице-министрдің хабарлауынша, «Батыс Қазақстан – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі, Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай мен Көкшетау- Петропавл учаскелері толығымен аяқталды.

«Орталық-Оңтүстік» жобасы бойынша өткен жылы жалпы ұзындығы 275 км Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай учаскелерінде қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, ал ұзындығы 14 км Теміртау – Қарағанды учаскесінде жұмыстар жалғасуда, келер жылы аяқталады деп көзделген», - деп атап өтті вице-министр.

Бұдан басқа, Күрті-Бурылбайтал учаскесін қайта қалпына келтіру (228 км) жобасы басталды, оны Дүниежүзілік және Еуропалық банк қаржыландырады.

«Сонымен қатар, бюджет қаржысы есебінен ағымдағы жылы Қарағанды қаласының солтүстік-шығыс кәреберісін қайта қалпына келтіруді көздеп отырмыз. 2018 жылдан бастап Балқаш – Бурылбайтал (297 км) учаскесін Дүниежүзілік банк есебінен және ұзындығы 67 км Күрті-Қапшағай учаскесін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады, ал Қарағанды – Балқаш учаскесі 2019 жылға жоспарланған. Өз кезегінде, «Орталық-Шығыс» жобасы бойынша 230 км жол пайдаланылуға беріліп қойған, ағымдағы жылы жобаға 106 млрд теңге бөлінді, 675 км жол жұмыспен қамтылған және жылдың қорытындысы бойынша Астана-Павлодар учаскесіндегі 200 км астам жол төрт жолақты қозғалыспен қамтылады», - деді Р. Скляр.

Бұдан басқа, ұзындығы 36 км – соңғы Семей – Қалбатау учаскесіндегі жұмыстар аяқталады. «Орталық-Шығыс» жобасын аяқтау 2018 жылға жоспарланған.

«Орталық – Батыс» жобасы бойынша Астана-Қостанай автожолы және Ақтөбе – Қаработа – Денисовка учаскесі толығымен қайта қалпына келтірілді. 2020 жылға дейін ұзындығы 114 км  Денисовка – Қостанай учаскесі екінші техникалық санат бойынша қайта қалпына келтіріледі», - деп толықтырды ол.

Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 4 мың 400 км болатын 22 автожол жобасын жүзеге асыру көзделген.

Бұған дейін, ҚР инвестициялар мен даму бірінші вице-министрі биыл «Алматы-Шу» учаскесінің 59 км екінші жолдарының құрылысы аяқталатынын хабарлады.

Ақбота Күзекбай

Фото Шыңғыс Қаппаров

Видео Арман Мұхатов





Яндекс.Метрика