Үкімет

ҚР ДСМ: Адамның күтілетін өмір сүру ұзақтығы 6 жылға ұзарған (ВИДЕО)

Адамның күтілген өмір сүру ұзақтығы 6 жылға ұзарған, жалпы адам өлімі 27 пайызға қысқарған. Бұл туралы ҚР Үкіметінде Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналған баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлімдеді.
Астана қаласы 09 Тамыз, 11:34

«Денсаулық сақтау аясындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың арқасында соңғы он жылда Қазақстанда барлық негізгі көрсеткіштер оң динамикаға ие болып отыр. Адамның күтілетін өмір сүру ұзақтығы 6 жылға ұзарған, жалпы адам өлімі 27 пайызға қысқарған, ана өлімі – 4 есе, сәби өлімі – 1,6 есе, қан айналымы жүйесінің ауруларынан болған өлім – 3 есе, қатерлі ісік ауруларынан өлім – 20 пайызға, туберкулез ауруынан қайтыс болғандардың саны 5 есе азайған», - деп атап өтті вице-министр Ләззат Ақтаева.

ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы ҚР Президентінің 2016 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен бекітілген болатын. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін халық денсаулығын нығайту болып табылады.

«Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекеттік бағдарламаның негізгі 7 бағыты айқындалды. Біріншісі – қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту, барлық денсаулық сақтау қызметтерін пациент мұқтаждықтары айналасында біріктіру, медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз ету, Ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру, ортақ жауапкершілік енгізу негізінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және оның қаржылық тұрақтылығын арттыру, денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету», - деді Л.Ақтаева.

Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің моделін әзірлеп, Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құрған.

«Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің негізгі бағыттары – қоғамдық денсаулықты басқару, халық денсаулығын қолдау бағыттарындағы өзгерістер, салауатты өмір салтын көтермелеу және медициналық-санитариялық алғашқы көмектің мүдделі мемлекеттік органдармен ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауы», - деп түсіндірді спикер.

Бұдан бөлек, вице-министр халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы да айтып берді.

«Ағымдағы жылдың 6 айы ішінде 26 инфекция бойынша аурулардың деңгейі төмендегені байқалады. 21 инфекциялық ауруға қарсы вакцинация жүргізілуде. Өткен кезеңде 2 млн-нан астам адамға екпе жасалған», - деп хабарлады Л. Ақтаева.

МСАК деңгейінде медициналық көмек көрсету бағыты бойынша МСАК  дамыту мен жаңғырту, жедел медициналық көмек көрсетуді дамыту, барлық денсаулық сақтау қызметтерін біріктіре отырып, мамандандырылған медициналық көмекті дамыту көзделген.

Ведомствоның ақпараты бойынша, елімізде жыл сайын МСАК дәрігерлеріне 50 млн-нан астам адам тіркеледі.

«МСАК моделінің құрылымы қайта қаралды, ол жалпы дәрігерлік практиканың шағын нысандарын дамытуға бағытталған. Бұл бір дәрігерге түсетін жүктемені 2019 жылға дейін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күні ТМККК шеңберінде 68,3 млрд теңге сомасына 2 млн-ға жуық пациент МСАК деңгейінде тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етілуде», - деп атап өтті вице-министр.

Ақбота Күзекбай





Яндекс.Метрика