EXPO-2017

Астана туралы фильм 170-тен астам елде әлемнің 37 тілінде көрсетіледі (ВИДЕО)

10 тамызда National Geographic телеарнасында «Мегағимараттар: Астана – болашақтың қаласы» деректі фильмінің көрсетілімі өтеді.
Астана қаласы 09 Тамыз, 10:34

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК" АҚ баспасөз қызметі хабарлағандай, фильм 170-тен астам елде әлемнің 37 тілінде көрсетіледі. Жаңа фильмде Астананың Хан-Шатыр, Бәйтерек, «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайы және жаңа теміржол вокзалы сияқты объектілері басты назарда.

National Geographic Partners, Europe&Africa вице-президенті Дебора Армстронг Астана құрылыстарының қайталанбастығымен және өзгешелігімен таң қалдыратын ғажайып әрі тартымды қала екенін атап өтті. 

«Ең алдымен бұл Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арманы еді. Аз уақыттың ішінде оның барлық ойлағаны іске асырылды. Көрме аумағындағы құрылыстар, сондай-ақ «Нұр-Әлем»  павильоны әлемнің әр түкпірінен көптеген адамдарды тартады. Біз National Geographic: «Мегағимараттар: Астана болашақтың қаласы» деректі фильмінің көрсетілімі аясында жас астананың осындай тамаша объектілерімен таныстыратынымызға өте қуаныштымыз", - деп атап өтті вице-президент.

«Off the Fence» компаниясының бас директоры Эллен Уиндемут атап өткендей, Қазақстанның қолдау көрсетуінің арқасында әлемнің ең әдемі астаналарының бірінің шынайы көрінісі болып табылатын осы тамаша жобаны іске асыра алдық. 

«Мегағимараттар» бағдарламасының осы сериясы заманауи сәулет объектілерінің құрылысына арналған. Әрбір бағдарламада ең ірі әлемдік ғимараттардың салынуы мен жұмыс істеуінің тарихына саяхат жасалады. Осы жолы  National Geographic түсірілім тобын құрылыстарының бірегейлігімен таң қалдырған Астана басты назарда.

National Geographic Partners, Europe&Africa атқарушы продюсері Иван Бусо қаланың қалыптасу тарихына ғана емес, сонымен қатар ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне де баса назар аударды. 

«Біз өз фильмдерімізде адамдар тіпті ойланбайтын нәрселерді көрсетеміз. Мен осы жобада жұмыс істей бастаған кезімде 20 жыл бұрын бұл мұндай тамаша ғимараттарсыз шағын ғана қала болғанын білдім. Қазір Астана гүлдене түскен.

ЭКСПО-2017 объектілері, атап айтқанда «Нұр-Әлем» ұлттық павильоны 21 айда салынып шыққан. Осы сынды тарихтар адамдарды қызықтырып, таң қалдырады. Бұл фильм адамдарды сіздің еліңізге келуге шабыттандыратыны сөзсіз», - деп қорытындылады атқарушы продюсер.





Яндекс.Метрика