Табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесі

Ақтөбе айналасында жасыл белдеу құру бойынша шаралар қабылданды

Ақтөбе айналасында жасыл белдеу құру шаралары қолға алынуда, жасыл желектердің жалпы алаңы шамамен 43 000 гектарды, гүлзарлар алаңы 41,9 мыңнан астам шаршы метрді, көгалдар 136,7 шаршы метрді құрайды.
Ақтөбе 09 Тамыз, 08:46

«Ақтөбеде 167 орта және ірі кәсіпорын жұмыс жасайды, ірілерінің бірқатары атмосферадағы ауаны ластайды. Аталмыш өзекті мәселені шешу шаралары қолданылуда, алайда, жеткіліксіз, сондықтан біз елеулі нәтижені көріп тұрғанымыз жоқ»,-деп атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов аталмыш бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берді.

«Стационарлық көздердің қала бойынша атмосфераға лақтырған қалдықтарының көлемі жыл басынан бері 93,7 мың тоннаны құрады.Атмосферадағы ауаның жоғары деңгейде ластануының себебі - облыс орталығында көміртек оксиді, органикалық емес шаң-тозаң, азот тотығы, күкірт диоксиді - 2 %, және т.б. секілді ластаушы заттардың болуы», - деді ол.

Ластанатын ауаның жалпы көлемінің 93,5%-ы АЗФ, «Ақтөбе ТЭЦ» АҚ, «АЗХС», «АРБЗ» ЖШС, «Стройдеталь», «Батыс Даму Жол», «Ақтөбе мұнай өңдеу» және «Южпромснаб» сынды сегіз кәсіпорынға тиесілі.

«Өткен жылы «Қазгидромет» РМК бақылау желілерінің мәліметтері бойынша қаланың атмосфералық ауасы ластанудың жоғары деңгейін көрсетіп, осындай 6266 дерек анықталды. Біз қолайсыз метрологиялық жағдайдың 67-сін, 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында 30 жағдайды анықтадық»,-деп мәлімдеді Иманқұлов.

Күкіртсутектің шектеулі рұқсат етілген концентрациясының жоғарылауы маңызды проблема болып қала береді.  Ведомствоның мәліметі бойынша қаладағы кәсіпорындардың құрамында мөлшері жоғары сульфат, азот қосылыстары, органикалық заттар бар тазаланбаған өндіріс суларын төгулеріне байланысты кәріз тазалау имараттарындағы ағынды суда күкірт сутегінің жоғары құрамы байқалады.

2016 жылы экология департаменті «Ақбұлақ» АҚ су тарту жүйесіне өндірістік ағынды суларды төккен, сонымен қатар, тазалау құралдарын пайдаланатын 67 кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Шілде айының соңында тағы 20 кәсіпорын тексеріліп, нәтижесінде мамандар тазалау жүйелері тиісті дәрежеде пайдаланылмайды деген тұжырымға келді.

Қаланың айналасында жасыл белдеу құру шаралары қолға алынуда, жасыл желектердің жалпы алаңы шамамен 43 000 гектарды, гүлзарлар алаңы 41,9  мыңнан астам шаршы метрді, көгалдар  136,7 шаршы метрді құрайды.

 Богослов тас жолы ауданындағы 1029,3 гектар алаңға орман қорғау алқабы салынды, 450 мыңнан аса екпе көшет, қылқанжапырақты тұқымдастар отырғызылып,  «Эко Парк» ЖШС-мен 1 100 000 екпе көшет отырғызу келісімшартына қол қойылды.

Жиын соңында Бердібек Сапарбаев бақылаушы ведомстволар басшыларына үнемі қадағаламайтындарын тигізіп айтты.

«Атмосфералық ауаның жағдайы, экологиялық нормаларды сақтау өзімізге байланысты. Бірігіп күш жұмсағанда ғана жөнге келтіреміз. Біздің бастаған барлық іс-шараларымыз тиімді болып, мерзімінде аяқталуы тиіс. Жағдай айыппұлмен жөнге келмейді, түбегейлі шаралар қабылдау қажет, үнемі қатаң бақылау болуы керек. Берілген  тапсырманың  кешенді шешімі бұл мәселені шешіп, халықтың өмір сүруіне неғұрлым қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді»,-деп сөзін түйіндеді облыс әкімі. 





Яндекс.Метрика