Мемлекетті басқарудың жаңа типі

Өңірлік хаб басқаруды бағдарлайтын болады

Еліміздің мемлекеттік қызмет саласында түбегейлі өзгерістер басталып кетті. Уақыттың талабына сәйкес жаңа деңгейге көшуді жоспарлаған жүйедегі жаңалықтарға шетелдік ұйымдар мен институттар да зор қызығушылық танытуда. Кеше мемлекеттік қызметте Өңірлік хабтың құрылуына орай, Астанада ұйымдастырылған құрылтай конференцияға 22 елден қонақтардың арнайы келуі – оның маңыздылығын байқатса керек. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы бірлесіп ұйымдастырған жиынға Еуроодақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Дүниежүзілік банктің өкілдері мен шетелдік елшілер де қатысты.
Казахстан04 Наурыз , 00:00

Конференцияны жүргізген Мем­лекеттік қызмет істері агенттігінің төр­ағасы Әлихан Байменов алдымен Пре­зидент Н.Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Мемлекеттік қызметті да­мыту, оны халықтың күннен-күнге өсіп келе жатқан талабына сәйкестендіру кез келген үкіметтің маңызды басымдық­тарының бірі болып табылады. Ал әр ел­дің мемлекеттік қызмет реформасы­ның күн тәртібі халықаралық тәжірибе, ай­мақтық және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, өзекті мәселелерді зер­делеу арқылы анықталады. Қазақстан озық халықаралық тәжірибені белсенді зерттеуге қызығушылық танытып, сарап­шылар жоғары бағалаған мемлекет­тік қызмет моделін дамыту тәжірибесі­мен бөлісуге мүдделі. Сонымен қатар мен мемлекеттік қызмет саласында үздіксіз тәжірибе, білім және ақпарат алмасу үшін тиімді институционалдық базаға айна­латын Өңірлік хаб құру туралы бас­тама­ны қолдадым. Біз хатшылықтың тиімді жұмыс істеуіне барлық жағдай­лар жасап, әріптестерімізбен бірге аймақ­тық хаб құруға күш саламыз» деген Елбасы сөзін қатысушылар ықыласпен қабыл­дады.

Өңірлік хаб құру бастамасы бұған дейін де бірқатар халықаралық кезде­сулерде талқыланып келеді. Өткен жылы Астана экономикалық форумында да әлемнің мықты саясаткерлері мен экономист-сарапшылары қызығушылық та­нытып, өз тараптарынан ұсыныстарын біл­дірген. Конференцияда сөйлеген БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі және БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Сти­­вен Тулл Өңірлік хабтың Даму бағдарла­­­ма­сы мен Мемлекеттік қызмет істері агент­тігі арасындағы ұзақмерзімді жо­басы екенін жеткізді. Сондай-ақ мұндай ре­фор­маларды енгізуде Қазақстанның Орта Азияда көшбасшы рөлге иек арт­қанын атап айтты. «Қазақстан Прези­денті Н.На­зарбаев былтырғы желтоқ­сандағы Жол­дауында мемлекеттік қызметті да­мыту­дың тың тетіктері туралы айта келе, бұл қызметтердің басты мақ­саты оның сапа­сын барынша жақсарту екеніне тоқ­тал­ған еді. Менің ойымша, осы тақы­рып­ты ерекше нысанаға алуға тиіспіз. Өйт­кені біздің түпкі көздегеніміз – мем­­ле­кет­­­тік қызметті барынша кәсі­билен­діру болып отыр. Жалпы, халықа­ра­лық бастамаға қызығушылық артып, жоба өз мақсатына жету үстінде. Бұл мен үшін де маңызды. Сондықтан да Астан­а­да жайғасатын осынау Өңірлік хаб­тың әлеуеті зор болады деп санаймыз, әрі ол Орталық Азия аймағында ғана емес, көптеген өңірлерде де халық пен мем­лекетке қызмет етудегі тиімділігін та­нытатынына сенім мол» дейді ол.

Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Пэк Чухен Өңірлік хабтың тиімді тұстарын өзде­ріндегі жүйемен салыстыра отырып әң­гімеледі. Жалпы кез келген елдің мем­лекеттік қызмет жүйесінде проблема­лар бар. Сы­байлас жемқорлық мәселесі Оң­түстік Ко­реяны да біразға дейін ма­за­лаған. Дегенмен туындаған жайтты шеше алған елдердің озық үлгісі зерттеліп, тиімді тұстары қол­данысқа енгізіліпті. Қазір онда ше­неу­ніктердің жалақысы орта­ша, бі­рақ жеке секторға қарағанда тұрақ­ты. Қызмет көрсету сапасы әлде­қай­да жақ­сара түсіп­ті. Нидерландтағы Еуропа ме­лекеттік институтының аға лек­торы Вольфганг Киф мырзаның ойын­ша да барлық мем­лекеттің басқару ісіндегі қиын түйіндерді жеке-дара игеру оңай емес. Ойласып, ортақ шешімнің жолын тауып отыру барлық тарапқа да тиімді болмақ. Өңірлік хаб – осындай қа­дам­дардың бастамасы. Енді салада белгілі бір сұрақ туындаса, өзара кеңесіп шығу амалдарын қарастыруға мүмкіндік туды. Қазақ­станның жүйесін толыққанды тал­дама­ған ол, кеше халыққа қызмет көрсе­ту орта­лығына арнайы барғанда ондағы жұмысқа көңілі толатынын жеткізді. Ал АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Кеннет Фэйрфакс «Таяу­да мемле­кеттік қызмет мәселесінде көшбасшы болып табылатын АҚШ персоналды басқару кеңсесі мен Қа­зақстанның Мем­лекеттік қызмет істер агенттігі ме­мо­рандум жасады. Мұндай ынты­мақ­тастық меморандумы арқасында тәжірибе алмасулар Қазақстан үшін де, АҚШ үшін де аса маңызды. Қазақстан­ның мемле­кеттік қызметті өңірлік рефор­ма­лау са­ласындағы әріптестікті мақтан тұтамыз» деген елші біздегі өзгерістердің тиімді тұстарына тоқталды. Конференция нә­тижесі бойынша қатысушылар қоры­тын­ды Декларация қабылдады.
Жалпы, Өңірлік хаб ТМД және Ор­талық Азия мемлекеттерінің тәжіри­бесін өзара алмасуға, озық үрдісті ор­тақ ұс­танымдармен пайдалануға жағ­дай ту­ғызады. Мемлекеттік қызметтегі мәсе­лелерді зерттеуге, әртүрлі бас­қосулар ұйымдастыруға мұрындық болады. Таяу уақытта электронды журнал мен интер­нетте өз порталын ашпақшы. Мұнда са­ладағы жаңалықтар мен тың тәжі­ри­белерді өзара жеткізіп отырады. Бай­меновтың айтуынша, бүгінгі күн талабына сай қажеттілігі туындаған ор­талықтың жоспары мен үш адамнан тұ­ратын хатшылығы құрыл­-ған. БҰҰ-ның Даму бағдарламасы қар­жы­лай қолдау көрсеткен. Сарап­шылар халықаралық тәжірибелер мен тың тә­сілдерді зерттеп, талдау жүргізеді. Өңірлік хабтың таяуда өтетін Астана эко­номикалық форумына мемқызметтің проблемаларын талқы­лауды ұсынуын алғашқы нәтижелі қадамы ретінде санау­ға болады.




Яндекс.Метрика