100 жаңа есім

Фитотерапия - отандық медицинаның болашағы - В.Коротков

Коротков Владимир Андреевич – дәрілік шөптер саласындағы маман, фармацевтика ғылымдарының кандидаты.
Астана қаласы05 Тамыз , 12:04

Еl.kz хабарлағандай, 2006 жылы ол мектепті үздік бітіріп, ОҚМФА фармацевтика факультетіне оқуға түседі, оқу жылдарында академияның ғылыми өміріне белсенді қатысады. 2011 жылы фармацевтикалық академияны қызыл дипломға аяқтап, Ұлттық фармацевтика университетіне аспирантураға шақырылады.

2016 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап шығады.

«Ғылыми жұмыс барысында мен қауықалды без және несеп-жыныс жүйесі ауруларын емдеуге арналған қазақстандық шөптердің негізінде бірегей фитопрепарат әзірледім. Қазіргі уақытта менің әзірлемелерім негізіндегі препараттарды «PHYTO-APIPHARM» фармацевтикалық компаниясы өндіріске енгізуде. Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс істеймін. Ағылшын тілінде оқытамын», - деді В. Коротков.

В. Коротков қазір тіс иегінің қанауы мен ауырсынуы проблемаларын шешуге арналған алғашқы қазақстандық тіс пастасын әзірлеу бойынша зерттеулермен айналысуда.  

Бос уақытында тауға барып, тау велоспортымен айналысқанды ұнатады.

«Маған өз жұмысым ұнайды. Фитотерапия отандық медицинаның болашағы деп ойлаймын, ол адам денсаулығымен байланысты көптеген проблемаларды тиімді шешуге мүмкіндік береді. Фармацевтикалық зерттеудің міндеті – дәрілік өсімдікті қандай мақсатта пайдалану керектігін дұрыс табу», - деп атап өтті В.Коротков.

Айта кетейік, Коротков Владимир 1989 жылғы 2 мамырда Шымкент қаласында туған. Әкесі – тәжірибелі дәрігер фитотерапевт, анасы – фармацевт-провизор. 




Яндекс.Метрика