100 табыс тарихы

Э.Аскеров: Әлеуметтік кәсіпкерлік – менің арманым (ВИДЕО)

Эксклюзив
Әлеуметтік кәсіпкерлік бар әлем бойынша танымалдылыққа ие болуда. Көптеген беделді ЖОО-лар оқыту бағдарламасына әлеуметтік кәсіпкерлікті енгізді. Әлеуметтік бизнестің бағыты – өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу. Қазақстанда бұл бағыт жаңа, Ресейде әлеуметтік кәсіпкерлік 10 жыл, Қырғызстанда 7 жыл жүзеге асырылуда. Ал, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерліктің бірінші кезеңі жүзеге асырылуда. Аталмыш жобаларды қолға алып жатқан адамдар құрметке лайық. Strategy2050.kz АА тілшісі «GreenTal» ЖШС директоры – әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеровпен әңгімелесіп, аталмыш жобаны бастауға не түрткі болғанын білді.
Астана қаласы 31 Шілде, 09:12

Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда 150-ге жуық, ал ресми емес мәлімет бойынша 500-ге жуық әлеуметтік кәсіпкер бар. Яғни мұндай іспен айналысатын адамдар көп, алайда, олар осының өзі жаңа бағыт екенін білмейді де. Астанада 10-ға жуық әлеуметтік кәсіпкер бар. 

Эмин Аскеровтың әлеуметтік жобасында халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту мәселесі, яғни мүгедектерді, аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларды, балалар үйінің түлектерін, жалпы, осы санатқа жататындардың барлығын жұмыспен қамту мәселелері шешіледі. Олардың әрқайсысы GreenTal-ға келіп, тегін шеберлік-сағатын ала алып, оқудан өте алады, ең сәтті үміткерлер осында жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі уақытта кәсіпорында 19 адам жұмыс істейді, оның 16-сы әлеуметтік осал топтарға жатады.

«Мен Шығыс Қазақстан облысында оқыдым, мамандығым – әлеуметтік қызметкер. Менің анам да әлеуметтік қызметкер болған. Бір кездері АҚШ-та оқып, ағылшын тілін үйренген едім, себебі әлем бір орында тұрмай, өзгеріп отырады және біз де соған сәйкес келуіміз қажет», - деді Э. Аскеров.

Ол әр түрлі құрылымдарда, мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін атап өтті.

«Мен әр түрлі құрылымдарда, мемлекеттік қызметте жұмыс істедім, әр түрлі кезеңдерден өттім, алайда, үнемі өз жобамның болғанын, бизнеспен айналысқанды қалайтынмын. Кейін әлеуметтік кәсіпкерлік туралы білген кезде онымен айналысқым келетінін түсіндім», - деп бөлісті кәсіпкер.

Ол Best for kids қорының құрылуы туралы айтып берді.

«2012 жылы Астанаға көшіп келдім, сол кезде Best for kids қорын – балалар үйінен шыққан балаларды әлеуметтендірумен және бейімдендірумен айналысатын волонтерлік қор құрдық. Барлығы содан басталды, осындай балаларға көмектесу мақсатында достарымызбен бірігіп, осы қорды дамыта бастадық. Ал кейіннен осы қор аясында достарыма әлеуметтік жоба құруды ұсындым, олар мені қолдады, сол кезде мен Назарбаев Университетінде жұмыс істеп жүрген едім, 2015 жылы өмірімді түбегейлі өзгерту үшін тәуекелге бардым. Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысу үшін Университеттен кеттім», - деді Эмин Аскеров.

Оның айтуынша, осы бағыттағы жұмыс ойластырылған іс-әрекетті талап етеді. 

«Қиындықтар өте көп кездесті. Қаржылық тұрақсыздық кедергі келтірді, оған қоса, үнемі туындап отыратын сұрақтар мен мәселелерді шешу үшін психика да күшті болу керек. Барлығын жауып, кетіп қалғым келген күндер де болды. Дегенмен, қазіргі таңда өз жұмысымыздың нәтижесін көріп отырмыз», - деп бөлісті ол.

Эмин Аскеров тал шыбықтан өру бағытын қалай таңдағанын айтып берді.

Эмин Аскеров айтып өткендей, оның таңдаған бағыты – тал шыбықтан өру.

«Мен экологиялық заттармен айналысқанды ұнататынмын, себебі одан қоршаған ортаға зиян тимейді. Мен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытын ойластырып жүргенде, интернеттен тал шыбықпен өруді көрдім, кейін бұл салада шеберлер аз екенін ұқтым. Астана маңында ондай ағаштар өседі, және шикізатпен мәселе туындамайтынына көзім жетті.  8 ай бойы  шеберді іздеп, Көкшетау маңындағы шағын ауылдан  таптым. Оның үйіндегі заттардың барлығы талдан өрілген екен. Ол Астанаға келіп, бізге өруді үйретуге келісті.  Біз осылайша бастап кеттік. Үш ай ішінде негізгі базаны алып, бір жыл бойы  өруді меңгердік. Бұл қызығушылық туғызғанмен,  сатып алу мүмкіндігі болмады.  Содан кейін  проблема қайда екенін зерттедік. Қазір біз оны түсінген сияқтымыз», - деді ол.

Кәсіпкер айтып өткендей, ол  өнеркәсіпте жұмыс істеген мамандарға көп көңіл бөледі.

«Мен жұмыскерлерге әртүрлі курстарды ұйымдастыруға тырысамын. Қазіргі таңда  олардың әрқайсысы әлеуметтік кәсіпкер атану керектігі бойынша стратегия  құрып жатырмын. Мен оларға уақыт өте келе олар кәсіпкерліктен кетіп, өздері жеке әлеуметтік кәсіпкер болатындарын жиі ескертемін. Ол қашан болары уақыттың еншісінде, десек те алдын ала дайындап жатырмын.  Болашақта әлеуметтік кәсіпкерлік мектебін ашуды жоспарлап отырмын. Себебі, Қазақстанда ондай әлі күнге дейін жоқ. Ондай мектеп бізге қажет екеніне көзім жетіп отыр», - деді ол.

Әңгімелесу барысында  ол Мемлекет басшысының салиқалы саясатын да атап өтті.

«Елбасының саясатына келетін болсақ, ол өте жақсы ұйымдастырылған.  Ұлт жоспарында  әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту  қажеттігі айтылған. Біз туралы ақпарат бар. Демек, Президент айтты, ал біз жүзеге асырдық», - деді Э.Аскеров.

Айта кетейік, «GreenTal»  ЖШС өндірісінде кез келген адам шеберлік сыныптарынан өте алады.

Қайрат Жандыбаев

Видео:  Арман Мұхатов

 





Яндекс.Метрика