Адами капитал

ОҚО-да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің күні өтуде

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі күндері аясында, жұмыс тобы екінші күні Сарыағаш ауданына сапарлатып, Сарыағаш қаласынан бөлек, Көктерек және Абай ауылдық округтерін аралады.
Оңтүстік Қазақстан29 Шілде , 11:23

Жұмыс тобының мүшелері халықпен жүздесу барысында Қазақстанның бүгінгі зейнетақы жүйесі туралы әңгімелеп, зейнетақы мен жәрдемақыны 20 пайызға көтеру, әйелдердің зейнет жасын 2018 жылдан бастап біртіндеп жоғарылату, жалпы зейнетақыны тағайындау шарттарының өзгеруі, жұмыс берушінің 5% міндетті зейнетақы жарнасын салуы сынды мәселелерге кеңінен тоқталды.

ЕХӘҚМ хабарлағандай,   министрліктегі құрылымдық бөлімше мамандары халықты жұмыспен қамту саласында мемлекет тарапынан қарастырылған мүмкіндіктер жайын қозғап, әлеуметтік көмек көрсету мен қолдау шараларын тарқатты.

“Мемлекеттік аннуитеттік компания” АҚ, “Мемлекеттік сақтандыру төлемдері қоры” АҚ өкілдері өндірісте оқыс жағдай орын алғандағы жұмысшыны міндетті сақтандыру мен әлеуметтік сақтандыру маңыздылығын жеткізді. “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ өкілдері жеке зейнетақы шоттарын салымшылардың қалай назарда ұстай алатынын байыптады.

Кезек азаматтарды жеке қабылдауға келіп, сарапшылар кеңесіне Сарыағаш ауданының 26 тұрғыны құлақ түрді.

Жиі қойылған сауалдардың бірі көпбалалы әйелдердің зейнетке ерте шығу жайын төңіректеді. Сонымен қатар, бұқара халықты еңбек өтілін дұрыс ескеру, базалық зейнетақыны тағайындау, зейнетақы рәсімдеу, жұмысқа орналасу, бірінші және екінші топ мүгедектерінің зейнетақы төлемдерін жасауы, асыраушысынан айырылғандағы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мәселелері мазалайтыны аңғарылды. 

Министрлік қызметкерлері зейнет жасына таяған 10 әйелдің әрқайсымен жеке-дара сұхбат құрып, нәтижесінде жетеуі қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына тұруға келісті.

Сарыағаш қаласы мәдениет үйі ғимараты мен Абай ауылдық округі әкімдігінде кездесулерде, Министрлік қызметкерлері, әлеуметтік көмек саласындағы басты жаңғыртулар мәнісін әңгімеледі.

Әрі қарайғы үй-үйді аралау аясында “Өрлеу” жобасына қатысушы аз қамтылған әрі көпбалалы отбасылар қамтылды. Қорытындысында нақты жобаға қатысушылардың пікіріне көңіл бөлініп, ескерту-ұсыныстары түртіп алынды.

Мысалға әлеуметтік шарт мерзімін қазіргі 6 айдан бір жылға дейін ұзарту ұсынысы Министрлікте мұқият қаралатыны мәлімделді. Жалпы “Өрлеу” жобасына белсенді атсалысудағы Сарыағаш ауданы тұрғындарының әлеуметтік саладағы өзгерістерді жылы қабылдағаны сезілді.

Сарыағаш қаласының жұмыспен қамту орталығына барған сәтте, мекеме қызметкерлеріне электрондық кезек пен жұмыс орындарының ақпараттық базасындағы жаңашылдықтар айтылды.




Яндекс.Метрика