Халықаралық интеграция

Қазақстанда кемені жүктен автоматты түрде босататын ақылды айлақ пайда болады (ФОТО)

Қазақстанда теңіз және құрғақ порттар үшін Циндао қытайлық порттың «ақылды айлақ» технологиясы енгізіледі, онда контейнерлерді жүктен босату, тиеу, бөлу немесе сақтау жұмысы, жүкті теңіз немесе құрлық бойынша жөнелту жұмыстары автоматты режимде жүргізілетін болады. Бұл туралы Циндао кемежайы бас директорының орынбасары Ян Цземинь қазақстандық журналистермен Циндао қаласындағы (Қытай) портты аралау барысында хабарлады.
Астана қаласы 28 Шілде, 10:52

«Жүз мыңдаған контейнерлерді жүктен босату жұмысын 5-6  адам басқаратын автоматтандырылғайлақ технологиясы арнайы Циндао қытайлық кемежай (ҚХР) үшін жасақталған.  Бұл технология Қазақстанға беріледі.  Жалпы, технологияны беру мерзімі және мамандарды даярлау әлі талқылау барысында. Алайда, бұл «ақылды айлақ» технологиясына Қытайдағы кемежайлардан басқа өзге елдердің теңіз және құрғақ порттары  қызығушылық танытуда», - деді Ян Цземинь.

Циндао  порты корпорациясы президентінің орынбасары Ма Баолянь атап өткендей, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық «Бір белдеу, бір жол» саясатын жүзеге асыруда аса маңызды.

«Көптеген жылдар бойы біздің тығыз ынтымақтастығымыз дамып келеді.  Мәселен, Жапония мен Кореядан келетін көптеген тауар түрлері біздің Циндао кемежайымыз арқылы Қазақстанға жөнелтіледі.  Өткен жылы Қытайдан Орталық Азияға   20 мыңға жуық контейнер жөнелтілді. Қазақстаннан көптеген кен түрлері Қытайға жеткізілуде, олардың көлемі күн санап артып келеді. Қорғас пен Достық (Алашанькоу) арқылы Қытайдан Қазақстанға жүктер жедел  жөнелтілуде», - деп толықтырды Ма Баолянь.

Атап өтер болсақ, Циндао алғаш рет 1892 жылы ашылды. Бұл әлем бойынша 180 елдің 700-ден астам кемежайымен сауда байланысын орнатқан   жетінші порт. Мұнда  160 халықаралық контейнерлік кемелер рейсі желісі бойынша қызмет көрсетеді, оның ішінде  Оңтүстік-Шығыс Азия, Жерорта теңізі порттарына тікелей бағытталған 65 бағыт бар. 2016 жылы порттың жүк айналымы 500 млн тоннаны құрады.  

Естеріңізге сала кетейік, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 2013  жылы алғаш рет Орталық Азия елдеріне сапары барысында «Бір белдеу, бір жол» жобасын жүзеге асыру туралы ұсынысын білдірді. Осы ретте, ағымдағы жылдың мамыр айында Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақтылы жауап екенін атап  өтті.

Қайрат Жандыбаев





Яндекс.Метрика