Қазақстан және БҰҮ

БҰҰ Қазақстанның жаңартылған энергия көздерін дамытудағы рөлін жоғары бағалайды

Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ашық пікірталастарына қатысу және БҰҰ басшылығымен екіжақты кездесулер өткізу үшін Нью-Йорк жұмыс сапары болды.
Әлемде 28 Шілде, 08:46

М.Тілеуберді Палестина мәселесін қоса алғанда, Таяу Шығыстағы жағдай бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тоқсан сайынғы ашық пікірталастарында сөз сөйледі, оның барысында Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы бейбіт процесс жөніндегі арнайы үйлестірушісі Николай Младеновтің брифингін тыңдады, деп хабарлады СІМ.

Қазақстан өкілі Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға алаңдаушылығын білдірді. Өңір бүкіл әлемдегі қауіпсіздікпен байланысты жағдайға жағымсыз әсер ететін қарулы қақтығыстардың айтарлықтай санының эпицентрі болып табылады. Қазақстан Иерусалимдегі шиеленістің өршуіне алаңдаулы және Палестина мен Израиль тараптарын «екі мемлекет екі халық үшін» қағидаты бойынша тарихи бейбіт келісімге  қол жеткізу мақсатында екіжақты келіссөздерді қайта бастауға саяси ерік-жігер білдіруге шақырады. М.Тілеуберді сондай-ақ Таяу Шығыс өңіріндегі басқа да «шиеленіс нүктелері» – Сирия, Ирак, Ливан және Йемен жөніндегі Қазақстанның ұстанымын білдірді.

 БҰҰ-ның жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігінде «ЭКСПО-2017» және БҰҰ энергетика бойынша орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге арналған брифинг болып өтті. Іс-шараға М.Тілеуберді, неғұрлым аз дамыған елдер, теңізге шыға алмайтын дамушы елдер және дамушы шағын арал мемлекеттері бойынша бас хатшының орынбасары және жоғары өкіл Фекитамелоа Катоа Утойкаману, БҰҰ-ның «ЭКСПО-2017» бойынша комиссары және бас хатшының көмекшісі, әкімшінің көмекшісі және БҰҰ Даму бағдарламасының Еуропа және Тәуелсіз мемлекеттер достастығы  үшін өңірлік бюросының директоры Джейхан Султаноглу қатысты.

Ф. Утойкаману «ЭКСПО-2017» өткізу экономикалық және географиялық жағынан осал елдерде осы заманғы жаңартылатын және арзан энергия көздеріне қол жеткізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Оның пікірінше, «ЭКСПО-2017» Энергетика жөніндегі орнықты даму мақсаттарынақол жеткізуге және климатты өзгерту жөніндегі Париж келісімін іске асыруға ықпал ететін болады. БҰҰ бас хатшысының орынбасары өзінің «ЭКСПО-2017» шеңберінде 14-16 маусымда өткен 10-шы Астана экономика форумына қатысқаны туралы әңгімеледі.

Дж. Султаноглу «ЭКСПО-2017» және маусым айында Астанада өткен орнықты даму бойынша энергетика жөніндегі сегізінші форумнан алған әсерлері туралы ой бөлісті. Дж. Султаноглудың пікірінше, ЭКСПО көрмесі БҰҰ агенттіктеріне өз жұмысын көрсетудің  және елдерді тұрақты энергетикаға қол жеткізуде қолдаудың жақсы мүмкіндігін берді. Ол жалпыға ортақ қол жетімділікті қамтамасыз етудің өзара байланысты мақсаттарына жетудің, энергия тиімділігін арттырудың және жаһандық энергетикалық баланста жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

БҰҰ өкілдері көмірсутегі шикізатының мол қоры болуына қарамастан, елдің аз көміртегілі даму жолын және «жасыл» экономиканы таңдағанын атап өтіп, Қазақстанның жаңартылатын энергетиканы дамытудағы  рөлін жоғары бағалады.

Коста-Риканың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Хуан Карлос жақында Астанадағы өз елінің павильонында ұлттық күннің өткенін хабарлады. Оның айтуы бойынша Коста-Рика жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың 100% деңгейіне қол жеткізді және ол Астанадағы көрмеге қатысушылармен өз әзірленімдерімен бөлісуге қуанышты екенін жеткізді. Замбия және Парагвай Елшілері өз сөздерінде барынша аз дамыған елдер мен халықтар үшін осы заманғы арзан  энергия көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз етудегі Қазақстанның белсенді рөлін атап көрсетті. Олар сонымен бірге Қазақстан үкіметінің атына «Болашақтың энергиясы» сияқты аса өзекті тақырып бойынша «ЭКСПО-2017» өткізгені үшін алғыстарын білдірді.

Сол күні М.Тілеуберді және Фекитамелоа Катоа Утойкаману кездесу өткізді, онда олар теңізге шыға алмайтын елдердің көлік және сауда саласындағы дамуы мәселелерін, сондай-ақ басқа да мәселелерді талқылады.

М.Тілеуберді Нью-Йоркте БҰҰ бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ву Хонбомен әңгіме өткізді. Министрдің бірінші орынбасары Ву Хонбоға БҰҰ шеңберіндегі Қазақстанның бастамаларын қолдағаны үшін алғысын білдірді және 2018 жылы Жоғары деңгейдегі саяси форумда орнықты дамудың мақсаттары бойынша Қазақстанның Ерікті ұлттық шолу ұсыну ниеті туралы хабардар етті. Ву Хонбо Қазақстанның бастамасын қолдады және қазақстандық шолудың тұсаукесерін дайындауға БҰҰ Хатшылығының тарапынан жәрдем көрсетуге дайындығын білдірді.

 





Яндекс.Метрика