Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Ашық үкімет — қоғамды демократияландыруға бағытталған бірегей қадам

96-қадамды іске асыру аясында ашық үкіметтің барлық компоненттері іске қосылды, бұл ашық деректер, НҚА, ашық бюджеттер, ашық диалог және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау бөлімі. ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында осы жайында айтып, статитикалық деректер келтірді.
Астана қаласы27 Шілде , 16:54

Министр түсіндіріп өткендей, «Ашық НҚА» порталы азаматтардың нормативтік құқықтық актілерді және заң жобаларының тұжырымдамаларын қарауға қатысуын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта порталда 420-дан астам құжат көпшіліктің талқылауына ұсынылған.  

«Өткен жылы 7 мыңнан астам НҚА жобасы орналастырылды, «Ашық бюджет» порталы бюджет қаражатын қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін құрылды. Бүгінде порталда бюджеттік бағдарламалардың 13 мыңға жуық жобасы, сондай-ақ өткен қаржы жылындағы оларды іске асыру есептері жарияланды», - деп хабарлады Д. Абаев.

Оның айтуынша, «Ашық деректер» порталы мемлекеттік органдардың деректерін жинақтауға, соның ішінде олардың негізінде мобильді қосымшалар әзірлеуге арналған.

«Қазіргі уақытта «Ашық деректер» порталында 2 мың 400-ден астам деректер жинағы жарияланды, портал мекенжай тіркелімі және бірыңғай ақпараттық анықтамалық ақпарат сияқты жүйелермен интеграцияланады. «Ашық диалог» порталы бұл мемлекеттік органдар мен қоғам арасында тиімді кері байланыс орнату. Бүгінгі таңда порталға 191 мыңнан астам өтініш келіп түскен және оның 140 мыңына жауап берілген. «Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау» бөлімінде мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының нысаналы индикаторларына қол жеткізу жөнінде 11 есеп және аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру туралы 135 есеп орналастырылған», - деп ақпараттандырды Д. Абаев.

Сондай-ақ, министр ашық үкімет бұл біздің мемлекетіміздің қоғамды демократияландыруға бағытталған бірегей қадамы екенін атап өтті.

«Біз барлық мемлекеттік органдардың бюджеттерін жариялауға міндетті боламыз, яғни әрқайсыңыз қандай мемлекеттік органда қандай бюджет бар екенін қарай аласыз. Құпия деген белгісі бар деректерден басқа деректердің барлығы ашық. Ашық диалог дегеніміз жоғары деңгейдегі кез келген мемлекеттік лауазымды тұлға ашық диалогқа келіп түсетін сұраққа жауап беруге міндетті екенін білдіреді. Ашық ақпаратқа келсек, біз заң жобасын немесе нормативтік құқықтық актіні қабылдамас бұрын оны халықтың қарап, танысуы үшін орналастыруға міндетті боламыз. Бұл белгілі бір салада жұмыс істейтін адамдар үшін өте үлкен және бағалы жұмыс», - деп түсіндірді Д. Абаев.

Сондай-ақ, ол ашық деректерге әкімдік белгілі бір ақпаратты, мысалы, автобус бағдарының саны бойынша деректерді, оның мерзімділігін енгізетінін атап өтті.

«Сіз толық ақпаратқа ие бола аласыз. Бұл өте қолайлы, ең бастысы, халық оны пайдалануды үйреніп, қарауы керек. Деректерді пайдалануда қиындықтар да бар, қазір ол бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деп қорытындылады министр.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика