100 жаңа есім

Д.Абаев барлық азаматтарды «100 жаңа есім» жобасына белсенді қатысуға шақырды

Астана қаласы27 Шілде , 15:49

ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстанның барлық азаматтары «100 жаңа есім» жобасына белсенді қатысуы тиіс екенін айтты.

«Жоба «Қазақстанның 100 жаңа есімі» деп аталады. Біз халық игілігіне жұмыс істеп, қызмет атқарып жүрген кем дегенде 100 белгісіз азаматты анықтамақпыз. Толығырақ ақпаратты тамыз айында ұсынамыз, мыңға жуық өтінім берілгенін білесіздер, солардың ішінде 300-ден астам үміткерді www.el.kz сайтынан таба аласыздар», - деп түсіндірді Д.Абаев.

Министр барлық азаматтарды «100 жаңа есім» жобасына белсенді қатысуға шақырды. 

«Барлық азаматтарды осы жобаға белсенді қатысуға шақырамын, себебі сіздердің таныстарыңыздың, көршілеріңіздің арасында еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтар бар. Біз міндетті түрде барлығын қарап, тізімге енгіземіз. Біз күрделі критерийлер мен шектеулер қойып отырған жоқпыз. Әрбір адамның тарихы жеке қаралуы тиіс деп ойлаймын. Өтінімдер 15 қыркүйекке дейін қабылданады, кейін біз олардың арасынан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына кіретін адамдарды анықтауға көшеміз», - деді Д.Абаев.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика