EXPO-2017

Катар бір павильонда өткен шақ пен болашақты біріктірді (ФОТО)

«Катар-2030» стартегиясы аясында араб тарабы күн энергиясын барлық бағыттарда дамыту бойынша жұмыс істеуде. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Катар павильонының басты ерекшелігі тарих, деп хабарлады Катар павильонының директоры Мұхаммед Саид Әл-Блоши ЭКСПО-2017-дегі Катар павильоны бойынша баспасөз турында.
Астана қаласы27 Шілде , 15:19

Катарлық павильон 7 аймақтан тұрады: «Белсенді Катар», «Болашақ технологиясы», «Тұрақты қауымдастық», «Барлығына энергия», «Біздің мақсат – адам энергиясы». Ойын-сауық бөлімі де қарастырылған – балаларға арналған арнайы ойын аймағы бар, онда шеберлерге қынамен сурет салдырып алуға болады.

Павильон директоры Мұхаммед Саид Әл-Блоши атап өткендей,  павильонға кірген сәттен бастап Катар тарихымен танысуды бастаймыз.  

«Мұнда біз Катар көшпенді бәдеуилердің ою өрнегін пайдаланғанбыз. Мұнда өткен шағымыздағы тарихымызды көрсеттік. Катар мемлекетінің өткен шағын, інжу өндірісін тамашалай аласыз, бұл біздің мәдениетімізден», - деді павильон басшысы.

Сонымен қатар, келушілер Катарда ғимаратты салқындату үшін пайдаланған көне құрылғыларды көре алады.

«Бұл біз өткен шақта пайдаланған технология десек болады. Өткен ғасырдың 30-жылдарының соңына қарай біз Катарда көгілдір отын кен орнын таптық, содан кейін еліміздің өмірі түбегейлі өзгерді. 40-жылдары біз көмірсутекті өндіріп, сыртқы нарықтарға экспорттай бастадық. Біз ертеректе інжу өндірдік, бұл біздің мәдениетіміз. Сонымен қатар, біз дәстүрлі араб кофесін дайындауды көрсетеміз», - деп бөлісті ол.           

Атап өтер болсақ, мұнда дәстүрлі араб кофесін дайындау үшін қажетті барлық технологиялар ұсынылған.

«Біз сұңқар аңшылығына үлкен көңіл бөлеміз, бұл біздің аңшылық дәстүріңмізге деген құрметіміз. Бұл тұрғысында біз қазақ ұлтымен ұқсас болып келеміз. Біз мұнайгаз кенорнын тапқаннан кейін ғимараттарымызды жарықтандыру үшін арнайы шамды пайдалана бастадық», - деп толықтырды павильон директоры.

Сонымен қатар, Катардағы кенорындары туралы деректі фильмді көруге болады.

Содан соң, дамудың жаңа кезеңі. Мұнда жаңа жасыл технологиялар пайдаланылған. Арнайы бағдарланған экранда мемлекеттің күн энергетикасын дамытуда қандай жұмыстар жүргізіп жатқанымен танысуға болады.   

«Катар-2030» стратегиясы энергияны үнемдеп пайдалануға бағытталған. Оның аясында мемлекет барлық салаларда күн энергиясын пайдалану бойынша жұмыс істеуде», - деді М. Әл-Блоши.

Жалпы, Катар павильонында екі кезеңге басымдылық берілген. Олар тарих пен болашақ кезеңдері.

«Өткен шақ туралы айтылған бөлікте ұлттық ою өрнектер пайдаланылса, екінші болашақ бөлімінде күн энергиясын пайдалану туралы кеңінен айтылған. Ыстық ауа райына байланысты ғимаратты табиғи жолмен салқындату әдісін жасақтаудамыз. Бұл мақсатта Катар жел энергетикасын пайдалануда», - деді спикер.   

Сонымен қатар, Мұхаммед Саид Әл-Блоши журналистермен Қазақстаннан алған әсерімен бөлісті.

«Қазақстан – өте қонақжай мемлекет. Мұнда түрлі ұлт өкілдерін көріп жүрміз.  Біз өзімізді бөтен елде емес, өз елімізде жүргендей сезінудеміз. Бұл өте қуантады және сіздердің қонақжай халық екендеріңізді тағы да дәлелдей түседі», - деп түйді ол.   

Ақбота Күзекбай

Фото автордан




Яндекс.Метрика