ҚР ИИДМБ

ИИДМБ: Қарағандыда ескі автокөліктерді өңдейтін зауыт ашылды

Қарағанды қаласындағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында істен шыққан ескі автокөліктерді қайта өңдейтін «RecyclingCompany» ЖШС зауыты құрылысының бірінші кезеңі іске қосылды. Бұл жоба 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда.
Қарағанды26 Шілде , 19:12

Салтанатты шараға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, ҚР Инвестиция және даму Бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев, ҚР Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков және отандық автоөндірушілер мен экологиялық ұйым өкілдері қатысты.

А.Айдарбаев өз сөзінде жобаның маңыздылығына тоқталып, ИИДМБ екінші бесжылдығының негізгі мақсаты еңбек өнімділігін арттыру мен өңделген тауар экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілетілігін ынталандыруға баса назар аудару керектігін еске салды.

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан қолдаудың көптеген түрлері мен тәсілдері ұсынылады (нақты жобалардың инфрақұрылымы, ұзақ мерзімді лизинг пен несиелеу, жобалау компанияларының жарғылық капиталына кіру және т.б.).

Істен шыққан көліктерді өңдейтін зауыттың Орталық Азияда теңдесі жоқ. Сондай-ақ, Қазақстанның қайта өңдеу саласындағы ірі жобалардың бірі болып саналады. Жобаны іске асыруға жергілікті билік жан-жақты қолдау білдірді. Өндіріс «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында құрылып отыр.

Бұл жоба халықтың денсаулығын сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға, қалдықтардың кері әсер етуін қысқарту мен алдын алуға бағытталған.

«Жаңа зауыт Индустрия 4.0 және цифрландыру талаптарына жауап беретін заманауи италиялық қондырғылармен жабдықталған», - деп хабарлады ИДМ.

Кешеннің барлық жұмысын компьютерлік жүйе бақылайды. Интернеттің көмегімен Ing. BONFIGLIOLI (Италия) компаниясының диспетчерлік қызметіне жүгінсеңіз, орын алған келеңсіз жағдайларды ретке келтіру жөнінде кеңес береді.

Италияның «Bonfiglioli» өндірушісі шығарған шредерлік құрылғы тозығы жеткен көлікті жойып, метал ретінде қайта өңдейді. Шредерлік кешеннің өндірістік қуаты жылына 50 мың ескі көлікті жоюға жетеді. Құрылғы бір сағатта 25 автокөлікті металға айналдыра алатын мүмкіндігі бар. Дәл осындай заманауи құрылғыны бүгінгі таңда АҚШ, Италия және еуропаның басқада да елдерінде кеңінен қолданады.

Қазақстанда ескі автокөліктерді өңдейтін алғашқы зауыт құрылысын толық аяқтау 2017 жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр. Екінші кезең аясында пирролиздеу құрылғыларын орнатып, өңдеу мүмкіндігін 98%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Қалдықтан алынған түсті және қара металл қорытпасы аймақтағы мыс қорыту кәсіпорнына жеткізіледі. Осылайша, экономиканың өзара байланысты салалары арасында мультипликативті ықпалы арта түседі.

Жобаның жалпы құны шамамен 3,4 млрд. теңге (1, 2 кезең). 70-тен астам жұмыс орны ашылады.

 

 




Яндекс.Метрика