EXPO-2017

Шетелдіктер ЭКСПО-2017 көрмесі туралы пікірлерімен бөлісті

Шетелдіктермен сауалнама жүргізу кезінде біз әлем бойынша ЭКСПО-ның 15 көрмесінде болған амеркалық туристі де, қазақ тілінде еркін сөйлейтін Африка елінің өкілін де және басқа да қызықты қонақтарды кездестірдік. Шетелдік туристердің ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы ойын Strategy2050.kz АА тілшісі сұрап білді.
Нұр-Сұлтан26 Шілде , 16:09

Аксель Фор (Франция) көрменің несімен ұнағанын және қатысушы елдердің павильондары туралы өз ойын айтып берді. 

«Әрине, маған ЭКСПО-2017 көрмесі ұнады. Әсіресе, Пәкістанның павильоны қатты ұнады, ол өзін көрмеде толық көрсетті деп ойлаймын. Шағын мемлекет болғанымен, тақырыпты кеңінен қозғап,  идеясын барлық адамдарға түсінікті етіп жеткізген. Францияның павильонын әлі көрген жоқпын. Өз елім туралы барлығын білемін, сондықтан ең алдымен басқа павильондарды араламақпын», - деді ол.

Ал Ресей Федерациясының павильонынан Аксель Фор ерекше әсер алмағанын айтты. 

«Ресей павильонында экология тақырыбы ашылмаған деп ойлаймын. Олар Антарктиданы зерттеу ретінде бір ғана нәрсені көрсеткен. Көбірек есімде қалғаны, бұл - химиялық компаниялар», - деп атап өтті келуші.

АҚШ-тан келген келесі қонақ Роналд Скилз ЭКСПО-ның 15 көрмесінде және жалпы 75 елде болған. Ол ЭКСПО-2017 көрмесін жоғары бағалады.

«Мен әлем бойынша ЭКСПО-ның 15 көрмесінде болдым. Маған ЭКСПО-2017 көрмесі ұнады, мұнда өте әдемі. Әлі барлық павильондарды толық аралап болған жоқпын, бірақ барлығы да тамаша орындалған. Сіздердің көрмелеріңіз барлық ЭКСПО көрмелері арасында ең үздік деп санаймын. Мұндай ауқымды іс-шараларды қалдырмауға тырысамын», - деді Роналд Скилз. 

Қытай павильонының қызметкері Дан Лью (Қытай) ЭКСПО-2017 көрмесінен кейін Қазақстанға тағы да келуді жоспарлап отыр. 

«Маған ЭКСПО көрмесі өте ұнады. Мұндағы адамдар да жақсы. Мен қазақстандық "Нұр-Әлем" павильонында болдым. Ондағы барлық экспозицияларды қарап шықтым, Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Көрмеден кейін Қазақстанға отбасыммен бірге келуді жоспарлап отырмын», - деп бөлісті Д. Лью.

Қазақ тілін еркін меңгерген Абдикарим Абдифатаим (Нигерия) да ЭКСПО көрмесінің қызметкері болып табылады. 

«Шын айтсам, мен ЭКСПО-2017 көрмесіндегі павильондарда әлі болған жоқпын, себебі Африка плазасында жұмыс істеймін. Өзім Нигериядан боламын. Қазақстанда тұрып жатқаныма үш жыл болды», - деп атап өтті ол.

Абдикарим Абдифатаим қазақ тілін қалай үйреніп алды деген сұраққа былай деп жауап берді:

«Мен қазақ тілін екі жылда үйреніп алдым, оған достарым көмектесті. Мен әншімін, негізінен қазақ тойларында ән айтамын. Менің қазақ тіліндегі өз авторлық әндерім бар. Жуық арада Нигерияға оралуды жоспарлап отырмын», - деді әнші.

Айта кетейік, 17-23 шілде аралығында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде 285 300 адам болған, яғни орта есеппен күніне 40 757 келуші келіп отырған. Көрмеге келушілердің жалпы саны осы уақыт ішінде 1 484 300 адамды құраған.

Ақбота Күзекбай

Автордың суреті




Яндекс.Метрика