Ұлт жоспары 100 нақты қадам

МӘМС: ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттарына шұғыл медициналық көмек тегін көрсетіледі

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттарын емдеу тәртібі туралы айтып берді.
Нұр-Сұлтан26 Шілде , 15:58

Еуразиялық экономикалық одағына мүше мемлекеттерден келген, Қазақстанда уақытша жұмыс істеп жатқан еңбек мигранттарына жедел және шұғыл медициналық көмек тегін көрсетіледі. Бұл ЕАЭО шеңберінде бекітілген жұмыс күшінің еркін жүріп-тұруы туралы норма негізінде жүзеге асырылады.

 Шетелдік пациент өміріне төнген қауіп сейілгеннен кейін немесе айналаға қауіпті сырқаттың беті қайтқан соң әрі қарай ауруханада жатып емделетін болса, қосымша көрсетілген қызмет құнын өз қалтасынан төлейді.

Негізінен Еуразиялық одақ елдерінің азаматтары Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің аз ғана бөлігін пайдалана алады. Нақтырақ айтар болсақ, жақын шетелдерден келген азаматтар айналасына қауіп төндіретін: дифтерия, қызылша, қызамық, көкжөтел, скарлатина, желшешек, эпидемиялық паротит, А, В, С сүзегі (паратиф), полиомиелит, тұмаудың қалыптан ауытқыған түрлері, менингококк инфекциясы, тырысқақ, іш сүзек, туберкулез, күйдіргінің өкпені қабындыратын түрі, оба, вирусты геморрагиялық безгек, А, Е вирусты гепатиті, малярия сынды аурулардан тегін емделеді. Басқа жағдайларда медициналық көмек оларға ақылы негізде көрсетіледі.  

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, жұмыс берушілер қарамағында жұмыс істеп жатқан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары үшін сақтандыру жарнасын төлеуі тиіс. Бұл санаттағы азаматтар үшін жасалатын аударымдар көлемі мынадай: 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыскер табысының 1%, 2018 жылы – 1,5%, 2020 жылы – 2%, 2022 жылы – 3%.

Сондай-ақ, Одақ елдерінен келген еңбек мигранттарының отбасы мүшелері сақтандыру жарнасын өз бетінше төлей алады. Сонда олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін толық пайдалану құқығынаие болмақ.

Қазақстанда азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істейтін ЕАЭО азаматтары мен олардың отбасы мүшелері қалай сақтандырылады?

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Сондықтан ЕЭАО туралы келісімге мүше мемлекеттерден келіп жұмыс істеп жатқан, соның ішінде азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін шетел азаматтары да қазақстандықтармен бірдей жарна төлеуге міндетті», - деп хабарлады Қорда. 

Яғни, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істейтін шетел азаматтары 2017 жылы 1 шілдеден бастап табысының 5 пайызы көлемінде жарна аударуы тиіс. Ал, олардың отбасы мүшелері 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 5 пайызы мөлшерінде жарна аударады.

 




Яндекс.Метрика