«Нұрлы жол» – Қазақстанның даму жолы

Қазақстандықтар Қытайдан тасымалданатын жүктерін онлайн-режимде бақылай алады (ФОТО)

Қазақстандық экспорттаушылар мен сауда компаниялары Қытайда Ляньюньган теңіз порты үшін арнайы әзірленген жүйенің арқасында өздерінің жүк контейнерлерін нақты уақыт режимінде интернет арқылы бақылай алады. Бұл туралы Ляньюньган қаласындағы (ҚХР) теңіз портын тексеру барысында қазақстандық баспасөз қызметімен кездесуде «Қытай-Қазақстан халықаралық логистикалық компаниясы» ЖШҚ бас директоры Лю Бинь хабарлады.
Әлемде26 Шілде , 15:36

Ляньюньган порты «шығыс қамалы» - трансконтиненттік көлік дәлізін құру жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен жобасының тірек нүктесі болып табылады, оның аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастама жасаған «Нұрлы жол» бағдарламасы мен ҚХР төрағасы Си Цзинь Пин мәлімдеген «Бір белдеу, бір жол» жобасы ұштасады.

Портты қарау барысында бірлескен терминалдың жалпы ауданы – 220 мың шаршы метрге жуық, ал кіреберіс темір жолдардың жалпы ұзындығы 3,8 км құрайтыны белгілі болды. 

«Си Цзинь Пин 2013 жылғы қыркүйекте «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасын жариялаған болатын. Содан бері Қытай мен Қазақстан арасындағы көлік саласындағы алғашқы жоба іске асырылды. Терминалдың басқарушы компаниясы 2014 жылғы 24 маусымда құрылған, 49%-ын қазақстандық тарап иеленсе, 51%-ы қытайлық тарап - Ляньюньган портының басқарушы компаниясына тиесілі. Бірінші кезектегі жоба құны 606 млн юань. Жалпы ұзындығы 3,8 км болатын кіреберіс темір жолдардың құрылысы. Сондай-ақ ұйымдастыру жүйесін де салу қажет. Алайда, ТЖ құрылысы ең қиын міндеттердің біріне айналды, біз оны екі ай ішінде аяқтадық. Бұл біздің ортақ мақтанышымыз. Бұл одан әрі дамудың жақсы іргетасын қалады», - деді Л.Бинь.



Ол жақын уақытта қазақстандық экспорттаушылар мен сауда компаниялары Қытайдан тасымалданатын өздерінің жүк контейнерлерін нақты уақыт режимінде интернет арқылы бақылай алатынын жеткізді.

«Ляньюньган портының контейнерлерді өңдеу жүйесі жақын уақытта Қазақстанда енгізіледі. Бұл жүйе Қытайда, арнайы Ляньюньган порты үшін әзірленген болатын. Жуық арада біз Қазақстанға мамандарды жіберуді жоспарлап отырмыз. Олар жүйені орнатуға, оны іске қосуға, бейімдеуге, сынақтан өткізуге көмектеседі. Кейін жүйе Ляньюньган порты мен терминал жүйесіне қосылады», - деді Л.Бинь. 

Ол порт жүйесінің арқасында әрбір контейнердің жүру жолын карта бойынша интернет арқылы бақылауға болатынын айтып өтті. 

«Портта және терминал аумағында қазіргі уақытта контейнермен байланысты қандай операциялар жүргізіліп жатқанын көруге болады. Экраннан біз автокөлікке, теміржол вагондарына жүк арту және жүк түсіру аймақтарын, кемелердің келу және портқа жүк түсіру аймақтарын көре аламыз. Оператор әрекеттердің бір бөлігін қашықтықтан жүргізе алады. Контейнердің салмағы, ішіндегі заттары, кедендік және өзге де ресімдеулер туралы деректер алады. Жаңа жүйенің Қазақстанда енгізілуі ҚР-дан портқа келетін жүктерді ресімдеу шараларын оңайлатуға және оған кететін уақытты едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл портқа да, қазақстандық өндірушілерге де және көлік компанияларына да қосымша пайда әкеледі», - деп атап өтті Л.Бинь. 

Сондай-ақ ол Ляньюньгандағы Қазақстан-Қытай терминалындағы жүк айналымы 8 млн тоннадан асқанын айтты.

«Үш жыл ішінде Ляньюньган портындағы Қазақстан-Қытай терминалында өңделген экспорттық және импорттық жүктердің көлемі 8 млн тоннадан асты. Контейнерлік өңдеу көлемі 500 мың контейнерден асты. Биыл терминал 110 мың контейнерді өңдеген. Биылдың өзінде компания жүк көлемін 5 млн тоннадан асыруды, ал өңдеу көлемін 50 мың контейнерден асыруды жоспарлап отыр», - деді компанияның бас директоры.

Лю Бинь сондай-ақ Ляньюньган портының Қазақстан-Қытай терминалында Шанхай Ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Логистикалық аймағы пайда болатынын хабарлады.

«Ляньюньган портындағы Қазақстан-Қытай терминалының құрамында ШЫҰ халықаралық логистикалық аймағы пайда болады. Ляньюньганда Қазақстан-Қытай логистикалық базасы жобасының екінші кезегін іске асыру жоспарлануда. Оған астық сақтауға арналған үлкен сыйымдылықтардың құрылысы, сондай-ақ ШЫҰ елдерінің халықаралық логистикалық аймағын құру кіреді. ШЫҰ елдеріне арналған логистикалық орталық құрылымында теміржол контейнерлерін өңдеу аймағы, кедендік ресімдеу және сақтау аймағы, ірі жүктерге арналған сауда орталығы болады. Сондай-ақ біз жүк жөнелтілімдерінің көлемін ұлғайтуды да жоспарлап отырмыз. Соның ішінде Қазақстандық астықты Оңтүстік-Шығыс Азияға үлкен көлемде экспорттаймыз. Демек, біз Қазақстанға өз өнімін басқа елдерге экспорттауға мүмкіндік беретін «алтын дәліз» ұсынып отырмыз», - деп хабарлады компания басшысы. 

Сонымен қатар, компания басшысы Вьетнамнан Қазақстанға тасымалданатын экзотикалық жемістер Ляньюньган арқылы жеткізілетінін айтты.

«Вьетнамнан, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен және Оңтүстік Қытайдан Қазақстан мен Орталық Азияға жемістерді Ляньюньган порты және Жаңа Жібек жолы бағдары арқылы жеткізу жоспарлануда. Қорғастан Ляньюньган портына дейінгі көлік дәлізі екі елдің экономикасы үшін негізгі рөл атқарады. Біз Вьетнамнан, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен және Оңтүстік Қытайдан экзотикалық жемістерді Ляньюньган порты арқылы және одан әрі көлік дәлізі арқылы Қазақстан мен Орталық Азияға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, оның айтуынша, қазақстандық өндірушілер көлік дәлізін өз өнімін Жапония мен Оңтүстік Кореяға экспорттау үшін де пайдалана алады. Осы елдерде қазақстандық ұн, ұннан жасалған тағамдар және ет өнімі үлкен сұранысқа ие», - деп бөлісті Л.Бинь.



Соңында бас директор Қазақстан Ляньюньган порты арқылы тек бидайды ғана емес, сонымен қатар, басқа да өнеркәсіп түрлерін экспорттау мүмкіндігіне ие екенін айтты.

«Мен әңгімемді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерімен аяқтағым келеді. Ол Қазақстан осы дәліз арқылы және Ляньюньган порты арқылы өз өнімін басқа елдерге экспорттау мүмкіндігіне ие екенін айтқан болатын. Сондықтан бұл дәліз екі елдің экономикасы үшін негізгі әрі маңызды болып табылады. Біз Қазақстан осы дәліз арқылы бидай мен ұннан жасалған тағамдарды ғана емес, сондай-ақ ет өнімі мен өз тауарларын да экспорттайды деп үміттенеміз», - деп түйіндеді Л.Бинь.

Еске сала кетейік, 2013 жылғы 7 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзинь Пиннің қатысуымен жоба туралы келісімге қол қойылған болатын, терминал 2014 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыс істей бастады. Ол Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол» экономикалық саясатында белгіленген Қазақстанның шетелдегі ең ірі жобаларының бірі болып табылады. 2014 жылғы 19 мамырда Қазақстан мен Қытай Президенттері телекөпір арқылы жобаны іске қосқан болатын.

Қайрат Жандыбаев

Автордың суреті




Яндекс.Метрика