EXPO-2017

Тынық мұхиты және тропикалық джунгли: ЭКСПО көрмесінде Коста-Рика күні өтті

Бүгін ЭКСПО-2017 көрмесінде Коста-Рика Республикасының Ұлттық күні өтті. Американың орталық бөлігінде орналасқан Тынық мұхиты елі көрмеде өзінің бай табиғатымен таныстырды.
Нұр-Сұлтан 25 Шілде, 16:45

Коста-Рика Республикасының Сыртқы саясат жөніндегі бас директоры Кристиан Гильермет Қазақстаннан туристерді көбірек көруге ниет білдіруде.    

«Коста-Рика  қоршаған ортаға ұқыппен қарайтын, әдемі әрі демократиялық ел. Коста-Рикада экотуризмнің дамуы орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан үшін де үлкен қызығушылық және әлеует туғызуы мүмкін. Біз Қазақстаннан Коста-Рикаға туристердің көбірек келгенін қалаймыз», - деді ол.

Сондай-ақ, К. Гильермет  ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу оның елі үшін үлкен құрмет екенін атап өтті. 

«Бұл қазіргі және болашақ ұрпақпен өзінің тұрақты даму философиясымен бөлісуге дайын ел. Табиғатқа ұқыппен қарау және тұрақты даму Коста-Рикаға Латын Америкасындағы туристер ең көп келетін елдердің бірі болуына мүмкіндік береді», - деді К. Гильермет.

Қазақстан тарапынан сөз сөйлеген ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева екі ел арасындағы міндетті медициналық сақтандыру саласындағы қызығушылық туралы айтып өтті.

«Ұлттық күнді атап өту қатысушыларға ұлттық мәдениеттің, өмір салты мен дәстүрдің үздік үлгілерін көрсетуге мүмкіндік береді. Қазақстан  Коста-Рикамен саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени салаларда ғана емес, сонымен қатар денсауық сақтау саласында, атап айтқанда, МӘМС, медициналық туризм мәселелері және басқа да медициналық бағыттар бойынша да қарым-қатынасты тереңдету мен кеңейтуге мүдделі», - деді вице-министр.

Іс-шараның ресми бөлігінен кейін қазақстандық көрермендер белгілі саксофоншы, Гиннес рекордтары кітабының рекордсмені Джованни Эскалантенің өнерін тамашалады.  

Қазақстан мен Коста-Рика арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1996 жылғы 1 қазанда орнағанын айта кеткен жөн.

Ақбота Күзекбай





Яндекс.Метрика