Өңірлер

Жезқазғанда су құбырлары жүйесі қайта қалыпқа келтіріледі

Жезқазған қаласына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ерлан Қошанов шаруашылық-ауыз су тазартқыш мекемелерінде болып, қалаға берілетін судың сапасын тексеріп қайтты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қарағанды25 Шілде , 18:41

Су тазартқыш ғимараттар Жезқазған қаласында екі кезеңмен салынған. Бірінші кезекті 1967-ші жылы қолданысқа берген. Екіншісін – 1987-ші жылы, себебі қала тұрғындарының саны өсіп, жаңа өндіріс ошақтары салынып, пайдаланылатын ауыз су мөлшері ұлғайған. Тазарту үлгісі классикалық: залалсыздандыру, реагенттермен араластыру, тұндыру, сүзгіден өткізу, екінші мәрте залалсыздандыру. 

Жезқазған қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы апта сайын шаруашылық-ауыз су сапасының сараптамасын жүргізіп отырады. Қалада 23 су үлгісін алу нүктелері белгіленген. 

«Біздің судың сапасы Қарағандыкінен кем емес. Барлығы санитарлық нормалардың талаптарына сай» - дейді «ЖСҚМ» АҚ шаруашылық ауыз су бөлімінің бастығы Гүлварам Садықова.

Жалпы құны 15,2 млрд теңгені құрайтын тазартқыш мекемелерді қайта қалпына келтіру және жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Бюджеттік тапсырыстар Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсынылған. 

Алайда мамандардың айтуынша, тұтынушыларға жіберілетін судың сапасын жақсартуда су құбырлады да маңызды рөл атқарады. Осы ретте аймақтың алдағы 3 жылға арналған даму жоспарында су құбырларын жаңарту мәселесі қарастырылған. 

«Сумен қамту бойынша 7 жобаны, су тарту бойынша – 3 жобаны жүзеге асыру қарастырылған.Ағымдағы жылы Жезқазғандағы қалаішілік су құбырларын қайта құру бойынша екі жобаны жүзеге асыруға 389 млн теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 16,5 шақырым су құбырын қайта қалпына келтіру жоспарланып отыр. Ол суды жоғалту көрсеткішін 7%-ға төмендетуге және су сапасын жақсартуға мүмкіндік береді»,  - деп мәлімдеді энергетика дәне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Мәжитов.

 




Яндекс.Метрика