EXPO-2017

Е.Хайыров: Қазақстандағы көптеген реформалар Сингапурдың табысты тәжірибесіне негізделеді

Сингапур энергетикалық қауіпсіздік, экономикалық бәсекеге қабілеттілік және экологиялық тұрақтылық бойынша мақсаттарға қол жеткізу үшін жаңа идеяларды тәжірибе мен сынақтан өткізеді. Бұл туралы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Сингапур Республикасының Ұлттық күнін атап өту барысында сауда, өнеркәсіп және ұлттық даму министрі Доктор Ко По Кун хабарлады.
Нұр-Сұлтан25 Шілде , 15:34

«2009 жылы Сингапурдың Ғимараттар құрылысы жөніндегі агенттігі өз Академиясы аумағындағы құрылыстардың бірін өзгертіп, оны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы алғашқы энергопассивті ғимаратқа айналдырды. Бұл ғимарат өз қажеттіліктерін өтеу үшін жеткілікті энергия шығаратын ғимарат.  Ал уақыт өте келе, жетілдірілген дизайн мен жаңа технологиялардың арқасында ғимарат енді жыл сайын энергияны көбірек өндіреді», - деп атап өтті Ко По Кун.

Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров біздің еліміздегі көптеген реформалар Сингапурдың табысты тәжірибесіне негізделетінін атап өтті, мысалы, «Самұрық-Қазына» даму қоры сингапурлық «Темасек» үлгісінде құрылған.

«Қазақстан Сингапурды Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі әріптесі деп санайды. Сингапурдың сауда, қаржы және технологиялық орталық ретіндегі жалпы танылған беделін ескерсек, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты өсіру екіжақты қарым-қатынастардың басымдығы болып қалуда. Астана халықаралық қаржы орталығының құрылуы сингапурлық инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына, ал Сингапур азаматтары үшін қолданыстағы визасыз режим барлық салалардағы ынтымақтастықты өсіруге ықпал ететініне сенімдімін», - деп атап өтті Ерлан Хайыров.

Іс-шараның ресми бөлігінен кейін Көрме қонақтары ауқымды мәдени бағдарламаны тамашалады. Олардың назарына Сингапурдың дәстүрлі билері мен музыкасы ұсынылды.

ЭКСПО-2017 медиа-орталығында хабарлағандай, сахнада Jungledelics музыкалық тобы және Сингапурдан келген 20 биші мен музыкант өнер көрсетті. Сондай-ақ, Ұлттық күнді атап өткеннен кейін ресми делегация Қазақстанның «Нұр Әлем» ұлттық павильонын және Сингапур павильонын аралады.




Яндекс.Метрика