«Нұрлы жол» – Қазақстанның даму жолы

ИДМ жаңа автожол жобаларын жүзеге асыруға кірісті

Инвестициялар және даму министрлігі 2 мың шақырымға созылған автожол жобаларын жүзеге асыруға кірісті. Бұл туралы ведомство басшысы Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан25 Шілде , 11:51

«Біз  жаңа жобаларды жүзеге асыруға кірістік.  Бұдан бөлек, ұзақтығы 2 мың шақырым болатын Жетібай-Жаңаөзен, Талдықорған-Өскемен, Меркі-Бурылбайтал, Қалбатау-Майқапшағай, Үшарал-Достық, Бейнеу-Ақжігіт, Таскескен-Бақты, Осиновски асуы, Щучинск-Зеренді жаңа жобалары жүзеге асырылатын болады», - деді Ж.Қасымбек.  

Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавл-РФ шекарасы және Орал-Каменка өтпелі жобаларындағы жұмыстар жалғасады.

«Бірінші жартыжылдықта іске асырылып жатқан жобалар бойынша 112 млрд. теңге игерілді және бұл жобаларға 80 мың адам жұмылдырылды», - деді ол,

Жыл соңында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 1 және 2 техникалық санат бойынша 600 шақырым жолды аяқтау жоспарлануда.

«Сондай-ақ, Бейнеу-Ақтау және Алматы-Талдықорған автожолын реконструкциялау жұмыстары толық аяқталатын болады», - деді министр.

Айта кетейік, осыған дейін  «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ұзақтығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру қарастырылғаны туралы айтылды.

Ақбота Күзекбай 




Яндекс.Метрика