«Нұрлы жол» – Қазақстанның даму жолы

Биыл 4,4 мың шақырымдық 22 автожол жобасы жүзеге асырылады

Биыл 4,4 мың шақырымдық 22 автожол жобасы жүзеге асырылады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында баяндады.
Нұр-Сұлтан25 Шілде , 11:34

Министрдің айтуынша, ағымдағы жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ұзақтығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру қарастырылған.

«Орталық-Оңтүстік жобасы бойынша ұзақтығы 14 шақырым Теміртау-Қарағанды учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасады және ұзақтығы 228 шақырым болатын Құрты-Бурылбайтал учаскесін жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, бюджет есебінен 3 тоқсанның соңына дейін Қарағанды қаласының Солтүстік-Шығыс айналма жолының құрылысы мен реконструкциялау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр», - деді Ж.Қасымбек.

Сондай-ақ,  Орталық-Шығыс жобасы бойынша 675 шақырым жолда жұмыс жүргізілуде.

«Жыл соңында Астана-Павлодар учаскесіндегі 230 шақырым жолда 4 жолақты қозғалысты ашу жоспарланған. Сондай-ақ, Семей-Қалбатау арасындағы ұзақтығы 36 шақырым болатын соңғы учаскедегі бөлікті аяқтау жоспарда бар», - деді  министр.

Жыл соңына қарай Астана-Теміртау (132 км), Алматы-Қапшағай (42 км) және Алматы-Қорғас (295 км) автожолдарында ақылы жүйені іске қосу жоспарланып отыр.  

Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жаңа астаналық «Нұрлы жол» темір жол вокзалы пайдалануға берілген кезден бастап шамамен 305 мың жолаушыға қызмет көрсетті.

Сондай-ақ, Бейнеу-Ақтау және Алматы-Талдықорған автожолын реконструкциялау жұмыстары толық аяқталатын болады.

Ақбота Күзекбай

 




Яндекс.Метрика