Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы 2017 жылы 5 миллион тоннаға жетті

Биылғы жылдың алты айында Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасымалы 5 миллион тоннаға жеткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 26 пайызға жоғары көрсеткіш, деп хабарлады «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан24 Шілде , 18:34

Екі ел арасындағы жүк тасымалының жарты жылдық  қорытындысы «ҚТЖ» ҰК» АҚ атқарушы директоры – «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ президенті Оралхан Кулаков пен ҚХР Үрімші теміржолының бастығы Шан Лицзюн екеуінің жұмыс кездесуі барысында шығарылды.

Онда жылма-жыл контейнерлік тасымалдың артып келе жатқандығы атап өтілді. Алашаңқай- Достық теміржол өткелдері арқылы 499 контейнерлік пойыз, Қорғас-Алтынкөл арқылы 221 контейнерлік пойыз қабылданды.

Екінші жарты жылдықта 5,7 миллион тонна жүк тасымалданады деп күтілуде.

Қытай делегациясының басшысы екі ел арасындағы жүк тасымалын арттырудың маңызы зор екендігін атап өтті.

«Қытай теміржолының басшылығы Қазақстанға қарай бағытталған теміржол көлігімен жіберілетін жүктерді арттыруға баса назар аударуда»,-дейді Шан Лицзюн.

Тараптар ҚР мен ҚХР арасындағы биылғы жылғы жүк тасымалы жоспарын орындау үшін барлық шараларды алдын ала келісіп орындау керектігін түсінді. Ол үшін тасымалдау тиімділігін көтеріп және пойыздардың мемлекетаралық түйісу бекеттерінен кедергісіз өтуін қамтамасыз ету керектігі айтылды.

«Алғашқы жарты жылдықтың қорытындысы контейнерлік пойыздардың жасақталуы күн санап өсіп келе жатқандығын көрсетті. Осыған байланысты тасымалдау қызметіндегі пайдалану жайына өзгерістер енгізіліп отырады. Біз транзиттік бағдардағы контейнерлердің тез логистикалық шешім табуына мүдделіміз»,-дейді О. Кулаков.

Екіжақты бірлескен қызметтер транзиттік жүктер туралы алдын ала хабарландырылып отыруына бағытталады.

Кездесуде жүк тасымалдау қарқынының артуы Қорғас станциясының тәулік бойы тоқталыссыз жұмыс істеуі тиістігін көрсетеді.

Кездесу барысында қазақстандық астықты тасымалдау, сұйытылған газды қытай цистерналарымен тасымалдау, сұйық май тасымалдайтын цистерналарды Достық станциясында басқа доңғалақ жұптарына алмастыру, қазақстандық жүктерді Алтынкөл мен Қорғас станцияларында тиеу мәселелері талқыланды.

Қазақстандық делегация басшысының айтуынша, бұл шаралар өз кезегінде кері қарайғы бағдардағы жылжымалы құрамды толықтыру мен вагондардың бос қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталады.

Қытай тарабына контейнерлік жүктердің сақталуына байланысты жасалып жатқан шаралар туралы хабарланды. Биылғы 1- маусымнан бастап Достық станциясы мен Алтынкөл станцияларында контейнерлерде қосымша электронды GPS Глонасс ғарыштық жүйе қондырғылары бекітілген құлыптар орнатылады. Бұл өз кезегінде жүктің жол бойында сақталуына кепілдік береді. Контейнерлік жүктерге санкцияланбаған қол сұғушылықтарды болдырмайды.

Тараптар жолаушылар пойыздарының кестесін оңтайландырып, қызмет көрсету сапасын көтеріп, жолаушылар ағынын ұлғайту мәселесін де қарады. Астана-Алматы-Үрімші бағдарындағы «Тұлпар-Тальго» вагондарынан жасақталған қазақстандық жылжымалы құрамы жолаушылары Алтынкөл станциясынан қытайлық вагондарға ауысып мінуі тиісті дәрежеде ұйымдастырылғаны айтылды. Тараптар қыркүйек айындағы жолаушылар пойызының қатынау кестесін оңтайландыру мәселесін келісті.

Делегация мүшелері Алтынкөл станциясы (ҚР) мен Қорғас (ҚХР) шекаралық станцияларындағы инфрақұрылымдық нысандармен танысты.

Кездесулер қорытындысы бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ мен Үрімші темір жолдары арасында Хаттамаға қол қойылды.

 




Яндекс.Метрика