Адами капитал

Сайрам ауданында әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталығы ашылды

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталығы ашылды. Орталық ҚР Бас прокуратурасының «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы аясында жүзеге асып отыр.
Оңтүстік Қазақстан24 Шілде , 09:31

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі  хабарлағандай,  бастаманы қолға алудағы мақсат – отбасы, ошаққасында болатын жанжалдарға тосқауыл қою, шаңырақ ынтымағын сақтау. Орталықта ерінен зәбір көріп, зорлық-зомбылық тауқыметін тартқандар мен ішімдік пен есірткіге салынып кеткендерге психологиялық қолдау көрсетілетін болады. 

Орталықтың салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, Сайрам ауданының әкімі Самат Сапарбаев,  ҚР Бас прокурорының аса маңызды тапсырмалары жөніндегі аға көмекшісі С.Тұрсынбекова арнайы қатысып, пилоттық жобаның маңыздылығына тоқталды.

«Мұндай орталықтардың аудан орталығымызда ашылуы өте маңызды. Аудан тұрғындары қалаға сабылмай-ақ осы орталықтың көмегіне жүгіне алатын болады. Пилоттық жобаны жүзеге асырып отырған еліміздің Бас прокуротурасына алғысымыз шексіз»,- деді аудан әкімі Самат Сапарбаев.

 Өз кезегінде сөз алған «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасының жетекшісі  Салтанат Тұрсынбекова орталықтың жұмыс ауқымын түсіндірді.

ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен ашылған сектор ғимараты қажетті бөлмелермен қамтамасыз етілген. Мұнда қабылдау және дәрігер бөлмесімен қатар  қажетті құралдармен жабдықталған  психолог, тренинг, егу кабинеттері жұмыс істейді.  Атылған орталық болашақта барлық мемлекеттік органдар тарапынан жасалатын профилактика жұмыстарын үйлестіретін бірден-бір орган болмақ.

Айта кетейік, дәл осындай орталық Сарыағаш ауданында да ашылған болатын. Бір айдың аралығында орталық 50-ге тарта азаматшаға әлеуметтік көмек көрсетілген. 

 




Яндекс.Метрика