Халықаралық интеграция

Қ.Қасымов Қырғызстанда ІІМ Бірлескен екінші кеңесіне қатысты

Чолпон-Ата (Қырғызстан) қаласында Қазақстан мен Қырғызстан ішкі істер министрліктерінің Бірлескен екінші кеңесі өтті.
Нұр-Сұлтан22 Шілде , 15:02

ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, Кеңес отырысына Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі Қ.Қасымов және Қырғызстан ішкі істер министрі У. Исраилов, қызметтер мен шекаралық ішкі істер органдарының басшылары қатысты.

Делегация басшылары өз кезегінде екіжақты ведомствоаралық ынтымақтастықтың дамуына жақсы баға берді.

Жиында бірінші өткізілген Бірлескен кеңестің (Тараз қ, 2015ж.) шешімдері табысты жүзеге асырылғаны, сондай-ақ шекаралық ынтымақтастықтың белсенді жүргізіліп жатқаны да аталып өтілді.

Отырысқа қатысушылар күн тәртібі аясында ішкі істер органдарының шекаралық қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша екіжақты ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен болашағын қарастырып, сонымен бірге экстремизге қарсы күрес саласында ведомствоаралық іс-әрекеттерді жетілдіру мәселелерін талқылады. 

Аталған салалардағы екіжақты іс-әрекеттерді нығайту мақсатында іздеу жарияланған қылмыскерге, із-түссіз жоғалғандар мен анықталмаған мүрдеге және атыс қарулары, автокөліктер, есірткі құралдары, сондай-ақ ұрланған малдарды контрабандалық жолмен тасымалдаушылар, ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелері мен басшылары туралы мәліметтерді жедел алмасу белсенділігін арттыру бойынша тиісті шаралар қабылдады.

Бұдан бөлек, шекаралық өңірлерде келісілген жедел іздестіру шаралары мен арнайы операциялар жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Отырыстың қорытындысында делегация басшылары шекаралық қылмысқа тосқауыл қою саласында, сонымен бірге экстремизмге қарсы күресте екіжақты ынтымақтастықтың белсенділігін арттыру шараларын қарастыратын Хаттамаға қол қойды.




Яндекс.Метрика