Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Колумбия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауына 25 жыл

2017 жылғы 23 шілдеде Қазақстан Республикасы мен Колумбия Республикасы дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 25 жылдығын атап өтеді, деп хабарлады ҚР СІМ.
Нұр-Сұлтан21 Шілде , 19:16

Осы күні 1992 жылы екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынастарды орнату туралы пікір алмасу өтіп, екіжақты ынтымақтастық тарихындағы жаңа кезең ашылды. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан мен Колумбия арасындағы қарым-қатынас игі серпінді көрсетіп, жаңа мазмұнмен ұлғаюда. Елдер екіжақты өзара ықпалдастықты теңдік пен өзара құрмет негізінде дамытуда.

"Қазақстан мен Колумбияның бірқатар маңызды халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас, БҰҰ мен басқа көпжақты құрылымдар шеңберінде тығыз байланысты сақтай отырып, екі ел бірлесіп, бейбітшілік, қауіпсіздік, тұрақтылық пен өркендеуге ұмтылуда. Қазақстан Колумбия үкіметі мен Колумбия революциялық қарулы күштері – Халық әскері (ФАРК) арасында қол жеткізілген бейбіт келісімінің іске асырылуын қолдайды және соғыс әрекеттерін тоқтатуға бағытталған күш-жігер мен барлық колумбиялықтардың игілігі үшін баянды бейбітшілік орнатудағы қолғабысты жоғары бағалайды. Колумбия Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру саласындағы үлесін жоғары бағалайды", - делінген коммюнике мәтінінде.

Колумбия Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде бейбітшілік мен қауіпсіздік салаларындағы халықаралық мәселелерді шешуге қосып жатқан үлесін жоғары бағалайды. Осы ретте, Колумбия бейбіт келісімін ойдағыдай іске асыруға мүмкіндік беретін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын қабылдау аясында көрсетілген қолдау үшін алғысын білдіреді.

Қазақстан мен Колумбия сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыруға ұмтылуда. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін елдер 2012 жылдан бері өткізіліп жүрген саяси консультациялар тетігі арқылы диалогты белсенді түрде нығайтуға ниеттенуде.

Мәдени саладағы өзара ықпалдастықтың сәтті мысалы ретінде 2015 жылдан бері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушыларына арналған алты айлық испан тілі курсының ұйымдастырылуы болып табылады. 2013 жылдан бастап Қазақстан азаматтары Колумбияға бару үшін визалық талаптардан босатылған.

Қазақстан мен Колумбия халықаралық қауіпсіздік пен есірткі саудасына қарсы күрес салаларында бірге қызмет істеп келеді. Тәжірибе алмасу уағдаластығы аясында 2013 және 2015 жылдары қазақстандық әлеуетті құрылымдар өкілдері Богота қаласына сапар шеккен, ал 2014 жылы колумбиялық әріптестер Астанға келген.

Қазақстан мен Колумбия кең ауқымды мәселелер топтамасы бойынша өзара ықпалдастықты одан әрі арттыруға, достық қарым-қатынасты нығайтуға, екі елдің халықтарының игілігі үшін одан да биік табыстарға жетіп, бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тығыз ынтымақтасуға ниетті.




Яндекс.Метрика