EXPO-2017

Испанияның ұлттық күні: Фламенко шоуы және көше театры (ФОТОРЕПОРТАЖ)

ЭКСПО-2017 көрмесі аумағында Испания Корольдігінің ұлттық күні өтуде. Испания күнінің салтанатты ашылу рәсімінде «Compania Flamenca» тобының әншілері мен бишілері, сондай-ақ «Carros de Foc» көше театры өнер көрсетті.
Астана қаласы 17 Шілде, 14:58

Қазақстан Республикасы Мәжілісінің вице-спикері Гүлмира Исимбаева Испания күнін ресми түрде аша отыра, ЭКСПО көрмесін өткізудегі Испанияның маңызды тәжірибесін атап өтті. Ел 1888 жылы және 1929 жылы - Барселонада, 1992 жылы - Севильяда және 2008 жылы Сарагосада көрмелерді сәтті өткізген. 

«Астанадағы көрменің тақырыбын ескере отыра, Испанияның әлемдік баламалы энергетика саласындағы жетістіктерінің маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Испаниядағы электр энергиясының  40%-дан астамы жаңартылатын көздер есебінен  шығарылады. Испания энергияны түрлендіру және жел генераторларының белгіленген қуаттылығы бойынша әлемдегі көшбасшы ел болып табылады», - деді Мәжіліс вице-спикері.

Г. Исимбаева Испанияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы біздің елдер арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдету үшін үлкен мүмкіндіктер беретінін қосты.

«Жалпы, екіжақты қарым-қатынастардың дамуы туралы айтқан кезде біздің ынтымақтастығымыз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Испания Королі Фелипе VI-ның тиімді өзара іс-қимылына, сондай-ақ екі мемлекеттің өлшеулі саясатына негізделеді. Мен екіжақты өзара іс-қимылды нығайту бойынша одан әрі белсенді жұмыс жүргізетінімізге сенімдімін», - деп қорытындылады вице-спикер.

Испанияның Депутаттар Конгресінің Төрағасы Ана Пастор өзінің құттықтау сөзінде Испанияның жасыл энергетиканы дамытудағы жетістіктері туралы айтып, Қазақстанның ЭКСПО-2017 көрмесін сәтті өткізіп жатқанын атап өтті.

«ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. Біздің еліміз жасыл энергетиканы зерттеуде көшбасшы позицияға ие. Мәселен, Алмериядағы PSA күн электр станциясы күн жылуының энергиясын зерттеу саласында әлемдік деңгейдегі озық тәжірибе орталығы болса, CENER жел турбиналарының беріктігі мен сапасы сыналатын әлемдегі бірінші зертхана болып табылады. Біз жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы біздің соңғы тәжірибелерімізді үлкен мақтанышпен таныстырмақпыз», - деді А. Пастор.

Бұрын Ана Пастор бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "Католиктік Изабелла Орденін" табыс ететінін хабарлаған болатын. 

Іс-шараның ресми бөлігінен кейін испандықтар келушілер үшін белгілі «Compania Flamenca» тобының, «Carros de Foc» көше театрының қатысуымен қызықты мәдени бағдарлама әзірлеген, сондай-ақ «Айлакер идальго Дон Кихот Ламанчский» романын оқу өтеді.   

Фламенко шоуы арнайы ЭКСПО-2017 көрмесі үшін әзірленген, оның негізгі идеясы – ЭКСПО көрмесіне келушілерге және қала тұрғындарына испандық мінез бен музыка синтезін көрсету. 

Фламенко бишілері Лусия Мигель (Андалусия) және Хосе Мальдонадо (Барселона) осы өнермен көп жыл бойы айналысып келеді. Олар өздерінің дәстүрлі фламенко бағдарламасын ұсынады.

«Әрбір нөмірдің өз сипаты бар. Бұл бейнелеудің, өз ойы мен сезімін білдірудің бір түрі. Бұдан да күрделі билер болады, бірақ біз өз бағдарламамызда бірнеше нұсқаны көрсетуге тырыстық. Астанаға келгенімізге бір апта болды және бізді жергілікті тұрғындардың жылы қарсы алғанына алғыс білдіреміз. Әрине, фламенко барлық елдерде белгілі болады деп үміттенеміз», - деді бишілер.

Сонымен қатар, «Carros de Foc» испандық көше татры жерорта теңізі елдерінің шеру дәстүрлері мен көше анимацияларын көрсетті. Испандық суретші Альберто Корасонның жұмысына шабыттанған әртістер ЭКСПО-2017 көрмесінің қонақтары үшін арнайы шоу-бағдарлама әзірледі. 

Бағдарламада адам қолданған бірінші энергия, от идеясы көрсетілген. 

Әртістер дайындаған шеру мен көрсетілім «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналып әзірленгенін айта кету керек.

«Дон Кихот Ламанчский» романы орыс тілінде оқылады, сондай-ақ сағат 19.00-де Ұлттық күн сахнасында Фламенконың басты спектаклі «Compania Flamenca» өтпек.     

Еске сала кетейік, Пиреней аралы мемлекетінің мәдени бағдарламасы 26 шілдеге дейін жалғасады.

Ақбота Күзекбай

Фото Арман Мұхатов





Яндекс.Метрика