Білім беру

Қызылорда облысында апатты мектептердің жағдайы шешіледі

Жыл сайын облыс бюджетінен әлеуметтік салаға бөлінген қаржы көлемі артып келеді. Мысалы, биыл бюджеттің 80 миллиард теңгесі (41 пайызы) білім саласына жұмсалады,деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қызылорда30 Маусым , 18:21

Жуырда Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарында жаңа мектептер мен балабақшалар пайдалануға берілді.  

Аралдағы Ескіұра, Үкілісай және Көктем ауылдарындағы жаңа білім ошағы 50 балаға арналған. Жиырма орындық шағын орталықтары тағы бар.

Апатты мектептің орнына салынған жаңа білім ұясы ауылдағылар үшін үлкен қуаныш. Мысалы, Ескіұра ауылында 30-ға жуық отбасы тұрады. Бұрынғы мектепте тек бастауыш сынып балалары оқитын. Ал жоғары сынып оқушылары Райым ауылындағы мектеп-интернатта білім алып келді. Жаңа ғимараттың салынуы бұл мәселенің түйінін толық шешті.  

Қазалы ауылындағы Бірлік ауылында салынған №102 140 орындық. Екіқабатты ғимаратта лингафон, мультимедиалық кабинеттер, химия және биология лабораториялары, асхана, спорт және акт залы бар. Жүз орындық жаңа білім ошағы осы аудандағы Лақалы ауылында да есігін айқара ашты.

Жосалы кентінде бұрын мектептер жанындағы нысанды паналап келген «Ертөстік», «Айгөлек» балабақшалары да жаңа ғимаратқа ие болды. Қуаңдария ауылында 140 орындық білім ошағы пайдалануға берілді.

Елбасы аймақтарға білім саласындағы басты 3 міндетті тапсырған еді. Ол – үш ауысымдық және апаттық мектептерді жою және 3-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту. Біздің облыс 2015 жылы үш ауысымдық мектептерді түбегейлі жоюға қол жеткізді. Осы жылы 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету 100 пайызға орындалды. Қазіргі экономикалық күрделі ахуалға қарамастан біз апаттық жағдайдағы мектептер мәселесін де жүйелі шеше алдық.

2013 жылдың 1 қаңтарында 36 апатты мектеп болса, 2016 жылға дейін олардың 25-і салынды. Ал 2016 жылы жергілікті бюджет есебінен соңғы 11 апаттық жағдайдағы мектеп құрылысын бастадық. Осылайша апаттық мектептердің проблемасы Қызылорда облысында толық шешілді.

 




Яндекс.Метрика