Экономика

Білім беру нысандарының құрылысына 77 млрд теңге бөлінді

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар әлеуметтік-экономикалық саланың қозғаушы күші болып табылады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Салалық экономика департаментінің директоры Ержан Қазанбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі (ОКҚ) брифинг барысында мәлімдеді.
Астана қаласы29 Маусым , 19:16

Е.Қазанбаев  «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын 2015-2016 жылдарда жүзеге асырудың қорытындылары бойынша қол жеткен нәтижелерді баяндады.

«Негізгі автокөлік жобаларын жүзеге асыру үшін «шұғыла» қағидаты бойынша 2 жыл ішінде 616 млрд.теңге бөлінді. Аталған қаражаттың есебінен 2 мың шақырым жол құрылыстық-жөндеу жұмыстарымен қамтылды, олардың ішінде 1,3 мың шақырымнан астам автокөлік жолы іске қосылды. Ағымдағы жылы аталған бағытқа 356 млрд.теңге қарастырылып отыр. 4,4 мың шақырым автокөлік жолын құрылыстық-жөндеу жұмыстарымен қамту және 600 шақырымды іске қосу жоспарлануда», - деді Қазанбаев.

Ол логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін 2 жыл ішінде Мемлекеттік бағдарлама аясында Ұлттық қордан 95.2 млрд.теңге бөлінгендігін атап өтті. Аталған қаражат Боржақты – Ерсай, Алматы – Шу т/ж желісінің, Құрық п.паромдық өткелінің құрылысына бағытталды. Бүгінде барлық осы нысандар іске қосылды және ел экономикасына белгілі бір үлесін қосуда. 

Е. Қазанбаев сондай-ақ ТКШ инфрақұрылымын және жылу-, сумен жабдықтау және су тарту жүйесін жаңғырту аясында коммуналдық саланы қайта құру есебінен жылу-, сумен жабдықтау және су тарту жүйелерінің тозуын 2020 жылға қарай 67%-дан 53%-ға дейін азайту жоспарланып отырғанын хабарлады. 

«Бұл үшін 6 мың шақырым жылу-, сумен жабдықтау және су тарту желілерін жаңғырту жоспарлануда. Осы мақсатқа Мемлекетік бағдарламаны жүзеге асыру жылдары 150 млрд.теңге бөлінді, бұл 1100 шақырым инженерлік жүйені, 11 қазандық және 11 насостық стансаны қайта құруға мүмкіндік берді. 2017 жылы қосымша 53 млрд.теңге қарастырылуда, бұл 2500 шақырымға тарта жүйені жаңғыртуға мүмкіндік береді», - деді Қазанбаев.

Ол Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес 2018 жылға қарай үшауысымдық оқытуды жою және апаттық жағдайдағы мектептерді азайту бойынша, сондай-ақ 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету үшін 110 білім беру нысанының құрылысына (91 мектеп, 19 балабақша) 77 млрд.теңге бөлініп отырғанын еске салды.

«Бүгінде 53 білім беру нысаны іске қосылды, оның 35-і мектеп және 17-сі балабақша. Ағымдағы жылы қосымша 71,7 млрд.теңге жоспарлануда. Бұл бұрын басталған 58 білім беру нысанын аяқтауға және 56 жаңа нысанның құрылысын бастауға мүмкіндік береді», - деді спикер.

Сондай-ақ ол Мемлекеттік бағдарламаның жеке бағыты – бұл ірі, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ экспорттық және экспорт алдындағы қаржыландыру екендігін атап көрсетті.

«Қазіргі уақытта бөлінген 230 млрд.теңге (ҰҚ – 200 млрд.теңге, БЖЗҚ –30 млрд.теңге) толық көлемде игерілді. Бұл ретте қаражатты екінші рет пайдалану есебінен 352 млрд.теңге немесе 152% сомасындағы жобалар қаржыландырылды. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде өңдеуші өнеркәсіп және экспорттаушыларды қолдау бағытында 14 мың жұмыс орны құрылды және сақталып қалды. 2 086 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Шикізаттық емес экспорт 212 млрд.теңгені құрады», - деді Қазанбаев.

Сонымен қатар, ол «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасының аясында инфрақұрылымдық жобаларды кең ауқымда жүзеге асыру Қазақстанның ұзақмерзімдік келешектегі әлеуметтік-экономикалық дамуының катализаторы болып табылатындығын атап көрсетті, ол елдің ішіндегі өңіраралық байланыстарды және әлемдік көліктік жүйеге интеграциялануды қамтамасыз етеді.

«Мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттарын жүзеге асыру есебінен жылына орта есеппен 120 мың жұмыс орнын сақтап, құруға мүмкіндік туды, бұл елдің іскерлік белсенділігінің, еңбек өнімділігінің және әлеуметтік-экономикалық дамуының өсіміне жағымды әсер етеді», - деді Қазанбаев.

 

 




Яндекс.Метрика