Парламент

Сенат халықаралық құжаттарды ратификациялады

Сенат электр энергетикасы туралы заңнамаға түзетулерді қабылдады және бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Парламент Сенатының отырысы өтті.
Астана қаласы 29 Маусым, 17:18

Сенаторлар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісімді ратификациялады.

Қазақстан мен Қырғызстан арасында Санкт-Петербургте 2016 жылғы 26 желтоқсанда қол қойылған келісім Тарифтік саясат негіздерімен бірге теміржол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттейді. Заң жобасын қабылдау теміржол көлігімен Қырғызстанға қатысты транзиттік жүк тасымалын құқықтық реттеуді қамтамасыз етеді.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы үкіметаралық хаттама ратификацияланды.

Хаттамаға сәйкес көмек Қырғыз тарапына:  жабдықтарды, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға, құрылысқа ақша қаражатын аудару; жаңа тауарлар және (немесе) жабдықтар беру; оқыту бойынша қызметтерді ұсыну арқылы берілуі мүмкін.

Жабдықтарды, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға, құрылысқа ақша қаражатын аударған жағдайда, Қырғыз Республикасының уәкілетті органдары Қазақстан тарапына тиісті құжаттарды: техникалық ерекшелікті, баға ұсыныстарын, техникалық тапсырманы, техникалық негіздемені, жобалау-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама қорытындысын алдын ала жібереді. Ұсынылатын көмектің нысаналы әрі тиімді пайдаланылуын бақылау мақсатында Қазақстан-Қырғыз үкіметаралық Кеңесі шеңберінде бірлескен екіжақты Ревизиялық комиссия құрылатын болады.

Сондай-ақ, 2016 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғыз арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттамаға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы үкіметаралық хаттама ратификацияланды.

Осы Хаттамамен Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттаманың 6-бабына өзгерістер мен толықтыру енгізіледі.

Өзгерістерге сәйкес Қырғыз Республикасының уәкілетті органы сатып алынатын тауарлар, жабдықтар, көрсетілетін қызметтер мен құрылыс үшін – техникалық жәрдем көрсету іс-шараларының тізбесін және техникалық өзіндік ерекшеліктің, баға ұсыныстарының, техникалық тапсырманың, техникалық-экономикалық негіздеменің, жобалау-сметалық құжаттамаға  мемлекеттік сараптама қорытындысының бар екендігі туралы қорытындыны Қазақстан Республикасының бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті органына ұсынады.

Енгізілетін өзгерістерге дейін Қазақстан тарапына қажетті құжаттаманың бар екендігі туралы қорытынды ғана емес, толығымен барлық құжаттама ұсынылатын болады.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттама ратификацияланды.

Екі ел Үкіметі арасындағы Еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекараларын бекітуге 2 483, 8 млн. теңге (7 526,8 мың АҚШ долларына барабар) сомасында көмектің бірінші траншын бөлуді көздейтін Хаттама әзірленді және оған қол қойылды.

Көмек Қырғыз тарапына Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістігіне Қырғыз Республикасының қосылуы жөніндегі «жол карталары» іс-шараларын қаржыландыру үшін беріледі.

2016 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Қырғызстан арасындағы Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаға өзгерістер енгізу туралы үкіметаралық хаттама ратификацияланды.

Құжатпен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Хаттаманың 1-бабына көмек сомасын 41 038,1 мың АҚШ долларына дейін ұлғайту бөлігінде өзгеріс енгізілген.

Аталған көмек Қырғыз Республикасының ЕАЭО-қа қосылуы жөніндегі «жол картасында» көзделген кеден және көліктік инфрақұрылым, техникалық реттеу, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, ақпараттық өзара іс-қимыл, фитосанитария және ветеринария сияқты салалардағы іс-шараларды қаржыландыру арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың  сыртқы шекарасын нығайтуға бағытталған.

Заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Заң жобасының мақсаты еліміздің өңірлік энергетикалық компанияларды ірілендіру кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамасын жетілдіру болып табылады. Заң жобасы электр энергиясын тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және энергетикалық кәсіпорындар көрсететін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.

Құжатпен  он бір заңнамалық актіге, оның ішінде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне (Салық кодексі), Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Жер, Су кодекстеріне, сондай-ақ бірқатар заңдарға түзетулер енгізіледі.

Заң жобасымен иесіз деп танылған электр желілерін энергия беруші ұйымдарға беру және оларды корпоративтік табыс салығынан және мүлік салығынан біржолға босату регламенттеледі. Сонымен қатар, заң жобасымен табиғи монополияларды реттеу және реттелетін нарықтар саласындағы уәкілетті органның энергия беретін ұйымдардың электр желілерін балансына немесе сенімгерлік басқаруға қабылдаған жағдайда реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтердің шекті деңгейін қайта қарау жөніндегі құзыреті белгіленеді.

Заң жобасының шеңберінде электр энергетикасы саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясының тапшылығы мен профицитін айқындау қағидаларын әзірлеуі және бекітуі көзделеді. Жергілікті атқарушы органдарға жылыту маусымын іркіліссіз өткізу үшін энергия өндіруші ұйымдарға отын сатып алуға субсидия беру жөніндегі құзырет беріледі. Сондай-ақ электр энергетикасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтың жаңа құрамдары енгізіледі.

Заң жобасымен электр энергиясын өндірудің өзіндік құнынан төмен емес баға бойынша және елдің біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясының профициті жағдайында ғана Қазақстан Республикасы экспорттайтын, ал тапшылық жағдайында ғана импорттайтын электр энергиясына шектеу белгіленеді. Аукциондық сауда-саттық енгізу арқылы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласына инвестициялар тарту тетігін жетілдіру көзделеді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы « заң жобасына Парламент Сенаты мен Мәжіліс арасындағы келіспеушілікті еңсеру жөніндегі келісу комиссиясымен әзірленген түзетулер енгізілді.

Жоғарғы Палатаның отырысында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Александр Горяиновтың өз өтінішімен отставкаға жіберу жөнінде берген өтініші қанағаттандырылды.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болып Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов тағайындалды.

Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына «Уральскагрореммаш» акционерлік қоғамына қатысты мәселелерді шешуге ықпал етуді және мамандандырылған автотехниканы өндіруді кеңейтуге және қолдауға байланысты мәселені жан жақты қарастырып шаралар алуды ұсынған депутаттық сауалын жолдады.

 





Яндекс.Метрика