EXPO-2017

ЭКСПО еріктілері көрмеден алған әсерлерімен бөлісті (ВИДЕО)

ЭКСПО-2017 көрмесі қазақстандықтарға басқа елдердің мәдениетімен және инновацияларымен танысуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, көрме Қазақстанның барлық өңірлерінен жастарға тарихи оқиғаның бір бөлігі болуға мүмкіндік берді. Волонтер болу үшін ағылшын тілін біліп, кастингке уақтылы келу жеткілікті. Қарағандылық Жансая Құрман ЭКСПО көрмесіне волонтерлердің бірінші ағымымен келген. Өзінің жұмыс күні жайында ол Strategy2050.kz АА тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Астана қаласы 29 Маусым, 11:53

«Мен Қарқаралыда тудым, Қарағанды университетінде шет тілдері факультетінде оқыдым. ЭКСПО көрмесіндегі волонтерлік жайында оқытушымнан білдім, кастингке келіп, іріктеуден өтіп кеттім. Бірінші кезекте ағылшын тілі деңгейі тексерілді. Іріктеу барысында мен ағылшын тілінде өзімнің туған өлкем жайында айтып бердім. Қарағанды облысынан 250 волонтер іріктелді, бұдан бөлек, біздің ағымда Алматы, Павлодар және Қостанай облысынан да волонтерлер де жұмыс істейді», - деп айтып берді Жансая.   

Ол ЭКСПО көрмесі арқылы өзіне жаңа достар тапқанымен бөлісті.

«Мен жаңа достармен таныстым, басқа адамдар арқылы мен өзімді танып, өз-өзімді жетілдіремін. Енді менде Қарағанды облысынан ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен де достарым бар. Сондай-ақ мен қазір шетелдік туристермен сөйлесу арқылы ағылшын тілін дамытудамын», - деді волонтер.

Жұмысқа келетін болсақ, Ж. Құрмаш бір күн ішіндегі орындайтын міндеттері мен жұмыс кестесі туралы айтып берді.

«Біз екі ауысымда істейміз, біріншісі – сағат 9.00-ден 16.00-ге дейін, екіншісі сағат 16.30-дан 23.30-ға дейін. Күн тәртібіне үш рет тегін тамақтану кіреді, қазір Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жатақханасында тұрып жатырмыз. Жағдайлары өте жақсы. Ауысым алдында өтетін брифингте бір күнге жоспарланған іс-шараларды, туындайтын мәселелер мен проблемаларды талқылаймыз. Келушілер жиі бірінші кезекте қандай павильонға баруға болады, тамақтануға болатын жерлер жайында сұрақтар қойып жатады», - деп түсіндірді ол.

Әрине, ЭКСПО көрмесіндегі жұмыстан басқа өзінің мәдени дамуы жайында да ұмытуға болмайды, өзінің бос уақытын қалай өткізеді деген сұраққа Жансая оған көрмеде жұмыс істеу де, демалу да ұнайды деп жауап берді.

«Мен Ресей, Германия, Жапония, АҚШ павильондарында болдым. Тақырыптық павильонда өте қызықты. Қазақстандық «Нұр Әлем» павильонын соңғы кезекке қалдырдым. Жалпы, көрме маған жарқын әрі ұмытылмас әсер сыйлады», - деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінде 4,5 мыңға жуық волонтер жұмыс істейді, олар үш ағымға бөлінген. Бірінші ағымда жұмыс істеу үшін Алматыдан - 300 волонтер, Қарағанды облысынан - 250, Павлодар және Қостанай облыстарынан 100 волонтер келген. Бұдан бөлек, 150 волонтер Астанаға әлемнің 46 елінен келген. Волонтерлердің барлығы арнайы оқудан өтіп, әр түрлі әлеуметтік жобаларды іске асыруға, ірі форумдар мен конференцияларға қатысқан,  сондай-ақ өз акцияларын ұйымдастырған.

«Волонтер болу үлкен жауапкершілік. Сіздердің алдарыңызға ЭКСПО көрмесін лайықты түрде таныстыру міндеті қойылып отыр. Сіздер келген қонақтарды жақсы қарсы алып, біздің қонақжайлылығымызды көрсете алып, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтындарыңызға сенімдімін», - деді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов 8 маусымда өткен волонтерлікке қабылдау рәсімінде.

Гүлтай Хасенова

Видео Арман Мұхатов





Яндекс.Метрика