Табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесі

ҚР Президентіне еліміздің өңірлерін көгалдандыру шаралары баяндалды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан28 Маусым , 16:26

Кездесу барысында Мемлекет басшысына еліміздің өңірлерін көгалдандыру шаралары, сондай-ақ Астана төңірегіндегі «жасыл белдеу» аясында ағаш отырғызу барысы және оны дамыту жөнінде баяндалды.

Елбасы республикалық маңызы бар жолдардың, атап айтқанда Астана-Шортанды және Астана-Қарағанды тас жолдарының бойында ағаш егудің қажеттігіне назар аударды.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне одан әрі көгалдандыру үшін жүргізілген зерттеулердің және ағаш егуге жарамды жерлерді дайындаудың нәтижелері, «жасыл белдеудің» аумағында өсімдік өсіру мен онда жіберілген жануарларды бейімдеу үдерісі жөнінде айтылды.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев елорданы көгалдандыру, соның ішінде қала саябақтарын жақсарту және Астананың сол жағалауында ботаникалық бақ салу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

"Ботаникалық бақта өсімдіктер пен ағаштардың барлық түрі өсуге тиіс. Әлемдегі экзотикалық өсімдіктердің де өсуіне жағдай жасау қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Елбасы көгалдандыру және ағаш егу жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.




Яндекс.Метрика