Өңірлер

ОҚО-да мектептерді робототехника кабинетімен жарақтандыруға 748 млн теңге бөлінген

Өңірдің 128 мектебін робототехника кабинетімен жарақтандыруға 748,2 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті он үшінші сессиясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.
Оңтүстік Қазақстан27 Маусым , 20:37

ОҚО әкімдігінің ақпараты бойынша, қайта нақтыланған бюджеттің ең көп соммасы яғни 1,5 млрд теңгесі  «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қолдау мақсатына бөлінген.

Бұл қаржы банктегі несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау үшін қосымша қаралып отыр. Биылғы жылы аталған мақсатқа  3 млрд бөлінген болатын, енді оған 1,5 млрд тенге қосылып жалпы 4,5 млрд тенгені құрады. Бұл банктерден шамамен 37 млрд тенгеге жуық инвестиция тартуға жол ашады, яғни кәсіпкерлерге осы сомаға несие алуға мүмкіндік бар.

Биыл Түркістан және Кентау қалаларындағы тұрғын үйлерді жаңғыртуға 491,5 млн теңге бағытталса,  Шымкент қаласындағы бұрынғы қоқыс полигоның аумағында саябақ салу және көшелерді жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін 400,7 млн теңге жоспарлануда.

Бұдан бөлек, 6 білім беру нысанының құрылысын бастауға 55 млн теңге бөлінеді. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге және орталықтандырылған ақпараттық жүйесіне көшу бағытында денсаулық сақтау саласының  медициналық ұйымдарына 1 732 дана компьютер сатып алуға 346,4 млн. теңге қарастырылып отыр.  Денсаулық сақтау саласын дамытуға жалпы 4 емхананың құрылысына және 2 жобаның жобалау-сметалық құжаттамасына 97 млн теңге бағытталатын болады.

Сессия барысында облыстық маңызы бар 2 автомобиль жолының құрылысын бастау және Астана даңғылының құрылысын жалғастыру үшін 224,4 млн теңге қарастырылды.




Яндекс.Метрика