Парламент

Жаңа Заңда ақпараттық технологиялар және байланыс саласында қандай түзетулер болмақ

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында ұялы байланыс операторларына радиожиілікті спектрлерді бірлесіп пайдалану құқығын беру арқылы байланыс қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған нормалар көзделген. Бұл туралы ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ҚР Парламентінің Мәжілісінде заң жобасын таныстыру барысында мәлім етті.
Нұр-Сұлтан27 Маусым , 16:28

Бұқаралық ақпарат құралдарын реттейтін мәселелерден басқа заң жобасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен байланысты дамыту бөлігінде түзетулер көзделген.

«Атап айтқанда, ұялы байланыс операторларына радиожиілікті спектрлерді бірлесіп пайдалану құқығын беру арқылы байланыс қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған нормалар көзделген. Бұдан бөлек, Министрлік радиоэлектронды құралдар мен жоғарыжиілікті құрылғыларды пайдалануға рұқсат алу процесін хабарлама тәртібіне ауыстыруды ұсынады», - деп атап өтті министр.

Д. Абаев хабарлағандай, ақпараттандыру саласында мемлекеттік ақпараттық жүйелерді жобалау, әзірлеу және сараптау процестері жетілдіріледі.

«Ақпараттандырудың сервистік моделі аясында МЖӘ жобаларын жоспарлау, іске асыру, мониторингілеу және бағалау тәртібін реттеу, сондай-ақ мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау арқылы өнім берушілер үшін кепілдіктерді қамтамасыз ету механизмдері көзделеді. Сондай-ақ шетелдік операторлармен трафик алмасуды жүзеге асыратын байланыс операторларының қызметін мемлекеттік реттеу мен бақылауды жетілдіру жоспарлануда», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, заң жобасын таныстыру барысында министр журналистің қандай да бір адамнан оның суретін жариялауға рұқсатын алуы жайында да айтып өткен болатын.

Ақбота Күзекбай




Яндекс.Метрика