Өңірлер

ОҚО-да 700 мыңға тарта халық сапалы ауыз сумен қамтылады

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының 700 мыңға тарта халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі алдағы 5 жылда толық шешімін табады. Жергілікті билік аталған мәселені Өгем өзенін ауыз су ретінде пайдалану арқылы түпкілікті шешуге бел буып отыр, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Оңтүстік Қазақстан27 Маусым , 12:56

ОҚО әкімдігі хабарлағандай,  осы мақсатта биылғы жылдың 15 ақпанында Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметі өкілдерінің екіжақты ынтымақтастықты жетілдіру мәселелері жөніндегі бірлескен жұмыс тобы басқосқан болатын.

Аталған мәжілісте  Өгем өзенінен көлемі секундына 3-3,5 текше метрге дейін суды бұрып аталған аудандардың тұрғындарына ауыз су ретінде пайдалану мәселесі қаралып, оң шешімін тапты. Ол үшін Қазығұрт ауданының Өгем ауылы тұсынан  Өгем өзенінен құбыр арқылы су бұру жұмыстары жүргізілуі тиіс.

Айта кетейік, Өгем өзенінің басым бөлігі Қазақстан Республикасы аумағында орналасып көршілес Өзбекстан Республикасында ішінара орналасқан трансшекаралық өзенге жатады.

Бұдан бөлек, қазір облыста жер асты су қорын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы өңірде су қорын анықтауды қажет ететін 383 елді мекен болса, бүгінгі таңға соның 244-інде іздеу-барлау жұмыстары аяқталған. 2017 жылы 34 елді мекенде, ал 2019 жылға дейін қалған 105-інде тиісті жұмыстар атқарылады деп күтілуде. Бұл бағытқа 1,6 млрд. теңге бағытталған.Сондай-ақ биыл жаңадан 10 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 628-ге жеткізілетін болады. Бұл өңірдегі тұрғындарды қамту деңгейін 74,4%-ға көтереді.

Жалпы 2020 жылға 702 елді мекендерге ауыз су жүйесін жүргізіп, тұрғындардың қамту деңгейін 83,2% жеткізу жоспарлануда. Бұл ретте ауыз суды тұрғындарға үздіксіз 24 сағат беруге назар аударылатын болады.




Яндекс.Метрика