Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Мажарстанның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Астанада келіссөздер өткізді

Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астанаға ресми сапармен келген Мажарстанның сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен келіссөздер жүргізді.
Нұр-Сұлтан26 Маусым , 15:58

ҚР СІМ хабарлағандай, тараптар екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады, саяси және сауда-экономикалық әріптестікті тереңдетуге деген өзара қызығушылығын растады.

Қазақстан Мажарстанға Орталық және Шығыс Еуропадағы сенімді әріптес ретінде қарайды.

«Біздің мүдделеріміздің негізгі байланысу нүктелері ауыл шаруашылығы, энергетика, денсаулық сақтау, екі елдің көлік-логистикалық әлеуетін пайдалану, туризм, құрылыс және инновациялар болып табылады», – деп атап өтті Қ. Әбдірахманов.

Сондай-ақ Қазақстан-Мажарастан ынтымақтастығының басым бағыты білім саласы болып табылады. Мажарстан елдің жоғары оқу орындарында білім алу үшін қазақстандық студенттерге бөлінетін гранттар санын 45-тен 200-ге дейін көбейтті.

П. Сийярто Мажарстан Қазақстанға өңірдегі тұрақтылықтың күшті факторы ретінде қарайтынын мәлім етті.

«1 шілдеде Мажарстан Чехия, Словакия және Польша кіретін Орталық Еуропа елдерінің тобына төрағалық етуін бастайды, біз қазіргі уақытта қарқынды өсіп, дамып келе жатқан Орталық Азиямен тығыз ынтымақтастық жасауға үміт артамыз», – деп атап өтті Мажарстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы.

Министрлер сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясы, Қазақстан-Мажарстан іскерлік кеңесі және Астанадағы «Мажарстан сауда үйі» желісі бойынша ынтымақтастықты белсенді арттыруға өзара мүдделі екенін білдірді. Көлемі 40 млн долларды құрайтын Қазақстан-Мажарстан тікелей инвестициялар ауыл шаруашылығы қорының қаражаты есебінен жобаларды іске асыру перспективалы болып табылады.

Тараптар келіссөздер барысында биылғы жылдың 8 маусымында Астана мен Будапешт арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылу маңыздылығын атап өтті.

«Осы оқиға екі ел үкіметтерінің көп жылдық еңбегінің арқасында өтіп, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауының 25 жылдық мерейтойына орайластырылған», – деді Қ. Әбдірахманов.

Рейстің ашылуы екіжақты іскерлік және ізгілік қарым-қатынастардың дамуына ықпал ететін болады.

Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы сондай-ақ Мажарстанның «ЭКСПО-2017» көрмесіне белсенді қатысуына ризашылық білдіріп, көрме инфрақұрылымының базасында құрылып жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығы жайында айтып берді. 




Яндекс.Метрика