EXPO-2017

Монако Князі «Қазақстан-2050» Стратегиясы жоспарларын бағалады

Монако Князі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Монаконың ұлттық күні ашылуы барысында «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру және «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі жоспарлар зор әсер қалдырғанын атап өтті.
Нұр-Сұлтан26 Маусым , 10:14

 «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Монаконың ұлттық күні ашылды. Салтанатты ашу барысында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Монако Князі Альбер II жиналғандарға құттықтау сөз арнады.

Қ. Тоқаев таза энергетиканы дамыту идеясын жаһандық тұрғыда ілгерілетудегі көрменің ерекше маңызын атап өтті.

Мұнда әлемдік үздік жаңалықтар, дәстүрлі және балама энергияны өндіру саласындағы келешегі зор жобалар қойылған. Біздің еліміз Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен жаңғыру, жаңа технологиялық жаңалықтарды енгізу және «жасыл» экономиканы қалыптастыру бағытына бет бұрды.

Қ. Тоқаев екіжақты қатынастар туралы айта келіп, біздің елдерімізді достық қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

«Княздік – Қазақстанның сенімді әріптесі, мемлекет басшылары, үкімет пен іскерлер арасында ойдағыдай диалог қалыптасқан. Біз халықаралық маңызды мәселелер бойынша жақын көзқарасты ұстанамыз», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Қ. Тоқаев «ЭКСПО-2017» көрмесіне Монаконың қатысуын қамтамасыз еткені үшін Князь Альбер II-ге ризашылығын білдірді.

«Княздіктің көрмеге қатысуы Монаконың «жасыл» экономиканы және «таза технологияны» дамытудағы жетістіктерінің жарқын көрінісі. Монаконың көрмеге қатысуы біздің ынтымақтастығымыздағы жаңа сала болады», – деп атап өтті Парламент жоғарғы Палатасының басшысы.

Сенат Төрағасы жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудағы, туризм және құрылыс салаларындағы Монаконың озық тәжірибесін жоғары бағалады. Монако Князі өз кезегінде «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру және «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі біздің еліміздің жоспарлары зор әсер қалдырғанын атап өтті.

 Альбер II жаһандық жылынумен қатар экологиялық мәселелерді шешудегі біздің еліміздің іс-әрекет бағыттарымен көрменің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы үндес екенін де айтты.
 




Яндекс.Метрика