Мәдениетті жаңғырту

Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасы ЭКСПО көрмесінің ұйымдастырылуына жоғары баға берді

Қазақстан ЭКСПО көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастырды, деп атап өтті Ұлыбританиядағы қазақ мәдени орталығының төрағасы Исмаил Кесижи. Сондай-ақ қонақ қазақтардың V дүниежүзілік құрылтайы аясында Ұлыбританиядағы қазақ қоғамын дамыту бойынша өз идеяларын ұсынды.
Нұр-Сұлтан24 Маусым , 15:28

«Біздің тарихи отанымыз барлық жағынан дамып келе жатыр. Осыншалықты қысқа мерзім ішінде Астананы салып шығу, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу – осының барлығы бір ғасырлық жұмыс. Алайда, еліміз оның барлығын іске асыра алды», - деп атап өтті қоғам төрағасы.

Исмаил Кесижи Ұлыбританиядағы мәдениет қоғамын 15 жыл басқарып келеді. И. Кесижидің айтуынша, қазір қазақ диаспорасы өзінің ана тілін ұмыта бастаған, сондықтан Қазақстан тарапынан көбірек қолдау қажет.  

«Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығына бізге, әсіресе балаларға ана тілімізде кітаптар беріп, қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғыс айтамын. Біз қазақ тілін аптасына бір рет емес, көбірек оқып үйренуіміз керек», - деді спикер.

И. Кесижи ақпараттандырғандай, Лондонда балаларға қазақ тілін «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жүрген студенттер оқытады.

Сондай-ақ мәдениет қоғамының басшысы атап өткендей, Еуропада туып, тұрып жатқан барлық қазақ балалары түрік тілінде сөйлейді. Сондықтан, осы мәселені барынша тезірек шешу керек.

«Мен бұл проблеманы шешу жолын таптым. Медиа, телеарналар арқылы. Ата-аналар түрік тіліндегі арналарды қояды. Арналар өте ауқымды: спорттық, балаларға арналған, мәдени және т.б. телеарналар бар», - деп атап өтті ол.

Осыған орай, Исмаил Кесижи Қазақстанда жүз пайыз қазақ тілінде көрсетілетін бірнеше арнаның Ұлыбританияда да көрсетілуін ұсынды.

«Бізге тек қазақ тілінде ғана көрсететін қазақстандық арналар керек. Сондықтан, балалар, болашақ ұрпақ қазақ тілін телеарналар арқылы да үйренетін болады. Бұл барлығымыз үшін маңызды», - деп түйіндеді И. Кесижи.

Ақбота Күзекбай

 




Яндекс.Метрика