EXPO-2017

Ақтөбеліктер Астанада ЭКСПО аясында бірегей шоу-бағдарлама ұсынбақ

Ақтөбе облысы Астанада ЭКСПО көрмесі аясында бірегей шоу-бағдарлама ұсынады, деп хабарлады өңір әкімдігі.
Ақтөбе24 Маусым , 10:02

26-30 маусым аралығында Астанада ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне орайластырылған  Ақтөбе облысының күндері өтеді.

Астаналықтар мен Астана қонақтарын өңірдің үздік шығармашылық ұжымы дайындаған мәдени-ойын-сауық бағдарламасы күтеді. Ол үшін Астанаға Ақтөбе облысынан  600-ден астам өнерпаз келеді.

Мерекелік шараға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысады.

Бірегей шоу-бағдарламаны 26 маусым күні кешке өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағындағы амфитеатр сахнасында «Ақтөбе – құтты мекен» гала-концерті ашады. Оған «I am a Singer» халықаралық конкурсының финалисі Димаш Құдайбергенов, сонымен қатар қазақ эстрадасының жұлдыздары мен Ақтөбе облысының шығармашылық ұжымы қатысады.

Астаналықтар үшін басты сыйлықтардың бірі – танымал ақтөбелік Димаш Құдайбергеновтің Bastau Live show жеке концерті болмақ. 27 маусым күні астаналықтар мен Астана қонақтары ерекше дауыс иесін тыңдап, оның шығармашылығына тәнті бола алады. 

Бес күн бойы «Қазанат» қалалық ипподромындағы этноауылда барлық келушілер үшін «Ақтөбе облысының қазынасы» ұлттық этнографиялық дүниелер көрмесі, ал «Has Sanat» астана галереясында «Ақтөбе мануфактуралары» атты сурет көрмесі мен Ақтөбе облысының аса көрнекті сәулет ескерткіштерінің фотокөрмесі жұмыс жасайтын болады. 

«Қазанат» ипподромының аумағында  облыстың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Ел жүрегі Астанаға – Арайлы Ақтөбеден» атты театрландырылған этно-концерттік бағдарламасы өтеді. Атап айтқанда, А.Жұбанов атындағы қазақ халықтық аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, Т.Ахтанов атындағы облыстық драмма театры әртістерінің орындауында «Айман-Шолпан» музыкалық спектаклі, «Алақай» қуыршақ театрының «Жайна, жадыра, достар» атты шоу бағдарламасы қойылады деп жоспарлануда, - деп бөлісті ұйымдастырушылар. 

Мәдени бағдарлама аясында ұлттық спорт ойындарын, тазы және төбет тұқымды иттердің көрмесін, «Қазақ күресі» мен «Тоғызқұмалақтан» ашық турнирлер және т.б. ұйымдастырылмақ.

Ақтөбе облысының күндері 30 маусым күні кешке Астана әкімдігінің алдында Мирас пен Құралай Бекжановтар, Нұрлан Абдуллин, Аллаберген Жақсыбаев сынды өзге де қазақ жұлдыздарының қатысуымен  өтетін «Арайлы рух –Астана» қорытынды гала-концертімен аяқталады.




Яндекс.Метрика