Халықаралық интеграция

Қ.Әбдірахманов ЕО-ның Орталық Азия бойынша Арнайы өкілімен кездесті

ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясы өзінің қажеттігін дәлелдеді және Қазақстан оның жаңа шындыққа бейімделуіне белсенді қатысады. Бұл туралы ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Петер Бурианмен кездесу барысында мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан 23 Маусым, 11:36

ҚР СІМ хабарлағандай, Қазақстан, Орталық Азия және Еуропалық одақ арасындағы байланыстарды одан әрі дамыту және нығайту мәселелері кездесудің басты тақырыбына айналды.  

Осы ретте П.Буриан Еуропалық Одақ Қазақстанды аса маңызды әріптес ретінде санайтынын атап өтті.

Тараптар 2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада қол қойылған ҚР-ЕО кеңейтілген әріптестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау процесі жылдам қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Қол қойылған сәттен бастап бір жарым жыл ішінде құжатты ЕО-ға мүше 28 мемлекеттің жартысы ратификациялады.  

Перспективалы бағыттардың өсіп келе жатқан мәнін атап өтіп, тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ министр ҚР азаматтары үшін визалық режимді оңайлату туралы келіссөздерді бастау қажеттігіне қатысты мәселені қозғады.

Бұдан бөлек, тараптар пікір алмасу кезінде Орталық Азия өңірінің транзиттік-көлік мүмкіндіктерін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сондай-ақ тараптар биылғы жылдың мамырында 10 жыл толған Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша Стратегиясы аясындағы өзара іс-қимылды және соған қатысты жүргізіліп жатқан іс-шараларды талқылап, оны қазіргі шындыққа одан әрі бейімдеу жоспарларын қарады.

ЕО-ның сыртқы істер жөніндегі кеңесі ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясы туралы жаңартылған қорытындыларды қабылдағанын айта кету керек, ондағы ЕО-ның ОА бойынша стратегиясының негізгі мақсаттары мен басым бағыттары өзекті болып қалуда. Сондай-ақ Еуропалық Одақ өзінің стратегиялық мақсаттарын ұстанып, Орталық Азиядағы саяси және экономикалық реформаларды қолдайды.  





Яндекс.Метрика