Басқару

ЭКСПО Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын айтарлықтай арттырады – С. Чакрабарти

Қазақстан Президенті Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартимен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан 22 Маусым, 15:20

Кездесу Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысы басталар алдында өтті. Келіссөз барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықтың одан арғы перспективасын және бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін талқылады.

Мемлекет басшысы бүгінде Банк тарапынан Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларға, шағын және орта бизнес саласына ауқымды инвестиция салынғанын, сондай-ақ экономикалық өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

С.Чакрабарти Нұрсұлтан Назарбаевқа жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты.

«Сіздер Астана экономикалық форумын өткіздіңіздер. Бүгін Шетелдік инвесторлар кеңесі өтуде. Таяуда ЭКСПО көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Бұл іс-шара Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын айтарлықтай арттырады және елдеріңіздің әлеуетін толық танытады», – деді Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті.

Сонымен қатар, тараптар кеңейтілген әріптестік туралы келісім аясындағы ынтымақтастықтың барысы жөнінде пікір алмасты. Келісім нәтижесінде 2016 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 1,1 миллиард АҚШ долларына жетті.

Кездесу соңында Энергетика министрі Қ.Бозымбаев Қазақстан Президентін «Болашақтың энергиясы» макеті туралы бейнематериалмен таныстырды.

 





Яндекс.Метрика