Басқару

ҚР Президенті инвесторлар кеңесінің отырысын қорытындылады

ҚР Президенті Астанадағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы пленарлы отырысын қорытындылады.
Нұр-Сұлтан 22 Маусым, 14:08

«Бізде айтарлықтай көлемде мұнай, көмір, газ және уран қорлары бар.  Оның көлемі  32 млрд тонна немесе  әлемдік қордың  4 пайызын құрап отыр. Сондықтан да шетелдік  инвестицияның алғашқы легі осы салаға керек», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы айтып өткендей, Қазақстан индустрияландыру, инновация мен қуатты инфрақұрылымды  дамыту бағдарламасы  бойынша ауқымды  жұмыс  жүргізуде.

«Еліміз ТМД елдерінде бірінші болып, «жасыл» экономикаға көшудің институциональды жағдайын жасады. 2017 жылы экологиялық кодекс, 2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң, ал 2013 жылы «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы қабылданды. Қазақстан үшін энергия өндірудің аралас жүйесі тән. Ол қуатты дәстүрлі энергия көздерімен қатар мүмкіндігінше баламалы энергия көздерін дамытуды жобалайды. Еліміздің баламалы энергия көздерін дамытуда әлеуеті жоғары», - деді ол.

Осы орайда Мемлекет басшысы еліміздегі баламалы энергия көздерінің әлеуетіне жеке-жеке тоқталды.

«Жел энергетикасы жылына 920 млрд киловатт /сағат, гидро әлеует жылына 62 млрд киловатт /сағат, ал күн энергиясы жылына 2,5 млрд/сағатқа бағаланады. Сондықтан аталмыш бекітілген бағдарлама бойынша алға жылжып келеміз», - деді Президент.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш мақсатқа жету үшін мемлекет тарапынан тиісті шаралар қолға алынғанын алға тартты.

«Біз мемлекеттік қолдаудың жүйелі шараларын жасадық. Алға мақсат қойдық. Бекітілген бағдарлама бойынша белсенді түрде алға жылжып келеміз. 2020 жылдың аяғына дейін толық қуаты 2 мың мегаватт болатын баламалы энергия көздерінің 50-ден астам объектісін пайдалануға беру жоспарлануда. Ал 2050 жылы альтернативті энергияның мемлекеттің энергия теңгеріміндегі үлесі 50%-ға дейін көтерілуі қажет», - деп түйіндеді ойын Қазақстан Президенті.

Н.Назарбаев айтып өткендей, осының алдындағы  29 отырыста «жасыл» қаржыландыруды дамыту мақсаты қойылған болатын.

« «Жасыл» қаржы  жүйесін дамыту  тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жерде ірі консалтингтік институттардың өкілдері бар. Бізде «жасыл» қаржыландыруды  енгізу тәжірибесі бар. Тұжырымдаманың әзірленуіне қатысып, «жасыл» қаржы өнімдерін бізде енгізуге шақырамын.  Ол үшін ЭКСПО аясында  құрылып жатқан  «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын қолдану керек. Конституцияға енгізілген өзгертулер бойынша заң қабылданды. Бұл орайда ағылшын құқығы мен ағылшын тілі  жұмыс ретінде қолданылады», - деді Елбасы.

Н.Назарбаев айтып өткендей, әлемде жерде сирек кездесетін металдарды қолдану технологиялары қарқынды дамуда. Сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылға қарай  литий  сұранысы  жылына  550 мың тоннаны құрауы мүмкін.  Сондықтан да литий аң мұнай деп аталады.

«Қазақстан жерде сирек кездесетін металға ие. Инвесторларға аталмыш саланы  біздің Үкіметпен  бірігіп  инвестициялау үшін қарастыруды ұсынамын. Бұл энергетика саласындағы  әлеуетті бағыт», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы айтып өткендей, өзіндік ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту керек.

«Бұл мәселе бойынша салалық министрліктер, университеттер және  халықаралық жасыл технологиялар орталығы   айналысуы керек. Шетелдік инвесторлар кеңесі бұл орайда өзінің үлесін енгізе алады. Бүгін айтылған ұсыныстарды үкіметпен бірге  алдағы  жұмыста қаралады. Кеңестің көпжылдық жұмысы  жоғары бағаға ие. Біздің алдымызда  жаңа мақсаттар тұр.  Бір бірігіп бірнеше кезеңді өткердік. Бүгінде жұмысымызда маңызды мемлекеттік бағдарламалар бар. Сондай-ақ,  инновациялық-индустриялық инфрақұрылымдық  бағдарламаны жалғастыратын боламыз. Бірінші кезекте экономиканы жаңғыртуды жылдамдату  мақсаты тұр», - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік, Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы отырысы өтті.

Қайрат Жандыбаев 





Яндекс.Метрика