Басқару

Қазақстан мен АҚШ халықаралық бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісіне зор үлес қосты – Мемхатшы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан мен АҚШ-тың өзара іс-қимылының 25 жылдығына арналған «Қазақстан – АҚШ» атты конференцияға қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан22 Маусым , 15:39

Конференцияға АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшісі Д.Крол, Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімдерінің, мемлекеттік органдардың басшылары, дипломатиялық қызмет ардагерлері, халықаралық ұйымдар мен шетелдік дипломатиялық корпустың, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми-зерттеу мекемелері мен оқу орындарының өкілдері қатысты.

Мемлекеттік хатшы басқосуға қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан Президентінің сындарлы сыртқы саясаты мемлекеттігіміздің нығаюына, экономикалық әлеуетімізді арттыруға, еліміз үшін алдағы ондаған жылдарға межеленген қауіпсіздіктің жүйелі құрылымы мен кепілдігін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасағанын айтты.

«Өткен ширек ғасыр ішінде біздің ынтымақтастығымыз өзара сенімге, қолдауға және ұлттық мүдделерге құрметпен қарауға негізделген кемел стратегиялық серіктестік сипатындағы қарым-қатынас деңгейіне жетт», - деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен АҚШ-тың бірлесе отырып, халықаралық бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісіне зор үлес қосқанына тоқталды. «Болашақтың энергиясы» атты ЭКСПО-2017 көрмесі – жаһандық түйткілдерді шешу жолындағы жарасымды ынтымақтастық рухының жарқын көрінісі. Оған жаһандық орнықты даму үшін жаңа технологияларды дамытуға бірлесе ұмтылған әлемнің 115 елі қатысуда.

Конференция аясында халықаралық қауіпсіздік, бейбітшілікті сақтау, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы Қазақстан мен АҚШ-тың өзара іс-қимылына арналған үш панельді отырыс болып өтті.

 

 

 

 




Яндекс.Метрика