Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Ж.Қасымбек Қазақстанда инвестициялық климатты жақсарту бойынша қандай жұмыстар жүргізілік жатқаны туралы айтып берді

Астанадағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің «Жаңа энергетика» атты 30-шы пленарлық отырысында ҚР инвестициялар мен даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстанда инвестициялық климатты жақсарту бойынша қандай жұмыстар жүргізілік жатқаны туралы айтып берді және де жеткен жетістіктерге тоқталып, болашақ жобаларды атап өтті.
Нұр-Сұлтан22 Маусым , 13:19

«ЭЫДҰ сарапшыларымен бірлесіп инвестициялық климатты жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Соңғы 5 жылда заңнамамызды ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес айтарлықтай өзгертіп, көші-қон жүйесін,  шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін, құрылыс жүргізу мен жер телімдерін рәсімдеуге рұқсат қағаздарын алуды жеңілдеттік,  сонымен қатар, 61 мемлекет үшін визасыз жүйе ашық», - деді Ж.Қасымбек.

Ол атап өткендей, Дүниежүзілік банкпен Ұлттық инвестициялық стратегия жасақталды, ол ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін қабылданады.  

«Стратегияда нақты салалар, алгоритм мен үйлестіру тәртібі мен барлық мемлекеттік органдардың өзара жұмыс істеуі, инвестициялық климатты одан ары жетілдіру механизмдері көрсетіледі», -деп түсіндірді Ж.Қасымбек.

Ал,  «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы Үкімет атынан инвесторларға «бір терезе» жүйесі бойынша қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге кірісті.

«Бүгінде Қазақстан үшін басты серіктестер ретінде  Қытай, Ресей, Еуродақ, АҚШ, Түркия мен Араб елдерінің инвесторы болып табылады. Және де осы мемлекеттердің әрқайсысында ірі мақсатты инвесторлар анықталған. Әр мемлекет бойынша инвестормен жұмыс істейтін жоспар бар», - деп толықтырды ол.

Министрдің хабарлауынша, бүгінде жалпы сомасы  шамамен 50 млрд долл  болатын жүзеге асырылып жатқан  және қарастырылу барысындағы 147 жобаның тізімі жасақталды.  

«Бұл ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  25 шет мемлекетке сапарының аясында қол жеткізілген уағдаластықтың нәтижесі. Бүгінде 39 жоба бойынша құрылыс жүргізіліп жатса, 12 жоба бойынша барлау жұмыстары, тағы 17 жоба бойынша құжатнама жасақталуда. Ал, қалған жобалар қарастырылу барысында», - деп атап өтті Ж.Қасымбек.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің «Жаңа энергетика» атты 30-шы пленарлық отырысы өтуде. Іс-шараға 300-ден астам адам қатысуда.

Қайрат Жандыбаев 




Яндекс.Метрика