Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Шанхай биржасы 25% үлеспен АХҚО жаңа биржасының акционеріне айналады

Шанхай биржасы 25% үлеспен АХҚО жаңа биржасының акционеріне айналады, бұл Қытайдың инвестициялық өтімділігіне жол ашады. Бұл туралы ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Астанадағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы пленарлық отырысында хабарлады.
Нұр-Сұлтан22 Маусым , 13:09

«АХҚО биржасын құру бойынша жұмыс аяқталуда. Жаһандық биржалық көшбасшылар санынан стратегиялық әріптестер айқындалды. Шанхай биржасы 25% үлеспен АХҚО жаңа биржасының акционеріне айналады, бұл Қытайдың инвестициялық өтімділігіне жол ашады. Американдық NASDAQ биржасымен жоғары технологиялық сауда тұғырнамасын енгізу жөніндегі келісімге қол қойылды. Сондай-ақ NASDAQ биржа капиталына кіру мәселесі де қарастырылуда», - деді Ж.Қасымбек.

Министр биылғы жылдың төртінші тоқсанында АХҚО биржасы алғашқы сауданы жүзеге асыруға дайын екенін хабарлады, бұл «Самұрық-Қазына» АҚ активтерін IPO мен жекешелендіруді бастауға мүмкіндік береді.

«АХҚО исламдық және «жасыл» қаржы өңірлік хабына айналады. ЕҚДБ-мен экологиялық бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. 2018 жылы көлемі 300 млн АҚШ долларын құрайтын «сукук» ислам құнды қағаздарының дебюттік шығарылымы жөніндегі мәселе пысықталуда. АХҚО тұрақты экономикалық өсуді қолдауға едәуір көңіл бөлмек. ЭКСПО-2017 көрмесінің бірегей инфрақұрылымы базасында АХҚО экологиялық тұрақты жобаларға инвестициялау, сондай-ақ «жасыл» қаржыландыру бағдарламасын іске қосу, атап айтқанда, «жасыл» облигацияларды шығару алаңына айналады.  Жасыл жобалар тасталымдар деңгейі төмен және климаттың өзгеруіне төзімді жасыл экономикаға көшуге, парниктік газдар тасталымдарын қысқартуға, климаттың өзгеру салдарын реттеуге бағытталған», - деп түсіндірді Ж.Қасымбек.

АХҚО 2020 жылға дейін Орталық Азия мен ТМД үшін өңірлік ислам хабы ретінде қалыптасу үшін қолайлы ортаны қамтамасыз етуге ұмтылады. Исламдық қаржыландыруды дамыту жоспарын құру ислам банк өнімдерін, капитал нарығының ислам құралдарын (сукук) және басқа да ислам қаржы құралдарын (такафул, иджара және т.б.) қамтиды. Лицензиялау бойынша құжаттар мен барлық қажетті реттеу актілерін әзірлеуді 2017 жылғы қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

Президенттің бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам Ұлт жоспарындағы 24-қадамда Астанада AIFC халықаралық төрелік орталық құру және 70-қадамда Астана халықаралық қаржы орталығын құру туралы айтылған

Еске сала кетейік, Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің «Жаңа энергетика» атты 30-шы пленарлық отырысы өтуде. Іс-шараға 300-ден астам адам қатысуда. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 60-шы пленарлық отырысын ашты.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика