Халықаралық интеграция

Астанада шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысы өтуде

Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің «Жаңа энергетика» атты 30-шы пленарлық отырысы өтуде. Іс-шараға 300-ден астам адам қатысуда.
Нұр-Сұлтан22 Маусым , 10:54

Отырысқа қатысушылар Кеңестің 29-шы пленарлық отырысының хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы есепті, шетелдік тараптың Кеңеске инвестициялық саясатты іске асыру, еңбек заңнамасы, адами капиталды дамыту және шетелдік жұмыс күшін тарту, энергетика, экология және мұнай-газ саласындағы мәселелер бойынша берген ұсынымдарын талқылайды.

ШИК құрылған сәттен бастап 29 пленарлық отырыс өткізілген, онда елдегі шетелдік инвестициялар үшін құқықтық режимді жақсарту, Қазақстанның сот жүйесін жетілдіру, салық салу жүйесін оңтайландыру және шетелдік жұмыс күшін әкелу, Қазақстан Республикасының инвестициялық имиджін жақсарту сияқты тағы басқа мәселелер талқыланған болатын.

Елбасының соңғы тапсырмалары тұрғысында Кеңес жұмысының өзектілігі арта бастағанын айта кеткен жөн. ШИК пленарлық отырысы – Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалық етуімен шетелдік және қазақстандық тараптардан ШИК мүшелерінің қатысуымен жыл сайын өтетін саммит. Пленарлық отырыстар Қазақстан Республикасы мен шетелдік инвесторлар арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру мақсатында келісілген негізгі тақырыпқа арналады. Пленарлық отырыстар Астанада, Алматыда және Қазақстанның өзге де өңірлерінде өткізіледі.

Еске сала кетейік, Шетелдік инвесторлар кеңесі ҚР Президенті төрағалық ететін бірегей алаң болып табылады. Кеңес елдегі инвестициялық қызметпен және ҚР-дағы инвестициялық климатты жақсартумен байланысты проблемалық мәселелерді шешу үшін ҚР Үкіметі мен шетелдік инвесторлар арасындағы тікелей сұхбатты қамтамасыз ету мақсатында 1998 жылы құрылған. ШИК құрамына 35 ірі трансұлттық шетелдік компания мен халықаралық ұйымдардың басшылары кіреді.

Кеңестің Пленарлық және аралық отырыстарының қорытындылары бойынша министрліктер мен ведомстволарға берілген тапсырмалармен және шетелдік тараптан Кеңес мүшелерінің Қазақстан Республикасындағы инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі ұсынымдарымен хаттамалық шешімдер қабылданады.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика